Оқуға құштар ұрпақ – ел болашағы

Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жүзеге асып жатқан ауқымды жоба тұрғындардың білім деңгейін арттыруды, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруды және кітапқа деген қызығушылықты күшейтуді мақсат етеді.

Қарағанды облысы да бұл бастамаға белсенді қатысып келеді. Өткен жылы өңірде марафонға 67 мыңнан астам оқырман қатысса, биыл жобаға 50 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Марафонды жүйелі түрде өткізу мақсатында облыс әкімдігі мен арнайы қоғамдық қор арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Биылғы марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылып отыр. Оған мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер және отбасылық әулеттер қатыса алады. Қарағанды облысының ұсынысымен биыл жаңа санат та енгізілді. Бұл бағыт жасына немесе мамандығына қарамастан кез келген азаматтың жобаға қатысуына мүмкіндік береді.

Марафон шарты бойынша қатысушылар алты ай ішінде арнайы тізімге енген 15 кітапты оқып, әр шығарма бойынша өз пікірін немесе рецензиясын жеке кабинетіне жүктеуі қажет. Оқырманға қолайлы жағдай жасау үшін облыс кітапханаларында 18 мыңнан астам кітап дайындалған. Сонымен қатар басылымдардың электронды нұсқаларына қол жеткізу үшін арнайы QR-кодтар орналастырылған.

Жоба аясында цифрлық мүмкіндіктер де кеңінен қолданылуда. «KITAP» платформасында оқырмандар кіріктірілген сөздікті пайдаланып, қажетті ақпаратты жасанды интеллект негізіндегі чат арқылы да ала алады.

Марафонның ерекшелігі – қатысушылардың белсенділігі арнайы балдық жүйе арқылы бағаланады. Әр оқылған кітап, бейнепікір және белгіленген оқу кестесін сақтау үшін ұпай беріледі. Мұндай тәсіл қатысушының кітапты жай ғана оқып шығуына емес, оның мазмұнын түсініп, шығарма туралы өз ойын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Аудандық және қалалық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар облыстық кезеңге жолдама алады. Олар арнайы викторинада білімдерін сынайды. Ал өңірлік кезеңнің жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар табысталады.

Жоба офисінің жетекшісі Аида Есеналинаның айтуынша, марафонның басты ерекшелігі – кітап оқуды қоғамның әртүрлі топтарын біріктіретін ортақ іске айналдыру.

Ал Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақытгүл Әбдікәрова жобаның оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, қатысушылардың белсенділігін ынталандыратынын атап өтті.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының негізгі міндеттерінің бірі – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру. Қатысушылар ұсынылған шығармалар арқылы түрлі тақырыппен танысып, білімін толықтырып, ой-өрісін кеңейте алады.

Марафонға тіркелу қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар кітап оқуға қызығушылық танытқан тұрғындарды жобаға қатысып, өз білімін сынауға шақырады.

Кітап – білім мен рухани дамудың маңызды қайнар көзі. Ал оқуға деген қызығушылықтың артуы – қоғамның интеллектуалдық әлеуетін нығайтудың бір тетігі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»