Арманнан басталған игі іс
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қарағанды қаласында бұл бағытта мемлекеттік қолдау мен қоғамдық бастамалар ұштасып, балалардың қабілетін ашуға, әлеуетін дамытуға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – бес жыл бұрын қарапайым ананың арманынан басталған «Batyl Jureq» қайырымдылық қорының жұмысы.
Бүгінде қор ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін тек үйірмелер ұйымдастыратын орын емес, өзара қолдау мен қарым-қатынас қалыптасқан инклюзивті ортаға айналды. Мұнда тігін ісі, сурет салу, музыка, хореография, қолөнер және бейімделген спорт бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Түрлі ерекшелігі бар балалар өз қызығушылығына қарай бағыт таңдап, жаңа дағдыларды меңгереді, қатарластарымен араласады.
Жобаның алғашқы бағыттарының бірі – бейімделген жүзу секциясы. Бастапқыда мұндай балаларға жаттығу жүргізу оңай болмаған. Себебі менталдық ерекшеліктері бар балаларға жаттығу тәртібі мен нұсқауларды түсіндіруде өзіндік қиындықтар кездеседі.
– Жоба енді қағаз бетіне түсіп, жоспарланып жатқанда, бұл мүлдем мүмкін емес сияқты көрінді. Өйткені менталдық ерекшеліктері бар балаларға нұсқаулықты түсіндіру өте қиын, мінез-құлқында да өзіндік ерекшеліктері бар, – дейді бейімделген жүзу секциясының кураторы Қарлығаш Жұмаділова.
Алайда алғашқы қиындықтар бастаманың жолын тоқтатқан жоқ. Керісінше, ата-аналар, жаттықтырушылар мен еріктілердің бірлескен еңбегі жобаның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қарлығаш Жұмаділова да қорға волонтер ретінде келіп, кейін бейімделген жүзу секциясын дамытуға атсалысқан. Алғашқы кезеңде секцияға 80 бала қатысса, уақыт өте олардың саны артып, жоба Қарағанды облысының бірнеше елді мекеніндегі балаларды қамти бастады.
Мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы – баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Спорт пен шығармашылық арқылы балалардың ортаға бейімделуіне, қарым-қатынас жасауына, өз күшіне сенуіне жағдай жасалады. Бұл ата-аналарға да үлкен демеу. Өйткені ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасы үшін баласының қауіпсіз әрі түсіністікпен қарайтын ортада уақыт өткізуі – маңызды әлеуметтік қолдаудың бірі.
Қордың тең құрылтайшысы Гауһар Акижанованың айтуынша, бастама алғаш қолға алынғанда оның болашағын болжау оңай болмаған. Дегенмен ата-аналардың сенімі мен қоғам мүшелерінің қолдауы жобаның дамуына жол ашқан.
– 2020 жылы бұл жұмысты бастағанда, алда осындай үлкен жобаға айналады деп ойлаған жоқпыз. Біз ата-аналардың қажеттілігін көріп, балаларға қолдау көрсететін орта қалыптастыруға үміт арттық. Бүгінде сол үміттің нәтижесін көріп отырмыз. Ең маңыздысы – балалардың өздерін еркін сезініп, қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру, – дейді Гауһар Акижанова.
Қазір қордың жұмысы Қарағанды қаласымен шектелмейді. Теміртау, Саран, Абай және Шахтинск қалаларында да менталдық ерекшеліктері бар және Даун синдромы бар балаларға арналған сауықтыру, дамыту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қолдау көрсетілуде. Бұл – көмекке мұқтаж отбасылар үшін қажетті қызметтердің тұрғылықты жерге барынша жақындай түскенін көрсетеді.
Әлеуметтік қолдаудың басты мақсаты – ерекше баланы қоғамнан бөліп алу емес, керісінше, оның қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жобалар инклюзияның нақты үлгісін қалыптастырады. Бала спортпен айналысып, өнер үйреніп қана қоймайды, өз ортасын табады, достасады, жауапкершілікке және дербестікке қадам басады.
Қор ұжымы үшін келесі маңызды міндеттердің бірі – балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де қолдауды жалғастыру. Яғни жасөспірімнің балалық шағындағы жетістіктері белгілі бір жасқа келгенде тоқтап қалмай, оның әрі қарайғы дамуына мүмкіндік беретін жүйелі орта қалыптастыру көзделіп отыр.
Бір ананың арманынан басталған бастаманың бірнеше қалаға таралуы – әлеуметтік жобалардың нақты қажеттіліктен туып, қоғамның қолдауымен үлкен іске айнала алатынын көрсетеді. Ал ерекше баланың әрбір жаңа дағдысы, өзіне деген сенімі мен қоғамға бейімделуі – осындай еңбектің ең басты нәтижесі.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

