Қолдаудан – әлемдік жеңіске
Қазақстан құрамасы церебралды сал ауруы бар футболшылар арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет бақ сынап, елге қола жүлдемен оралды. Англияның Лафборо қаласында өткен дүбірлі додада ұлттық құрама сапында Қарағанды облысының екі спортшысы – Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин өнер көрсетіп, тарихи жетістікке өз үлестерін қосты.
Бұл – Қазақстан парафутболы үшін ғана емес, өңірдегі ерекше спортты қолдаудың нәтижесін көрсеткен маңызды жетістік. Қарағандылық спортшылар үшін әлем чемпионаты алғашқы халықаралық дода болғанымен, олар тәжірибелі қарсыластар арасында өз мүмкіндіктерін дәлелдей білді.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Англия командасынан жеңіліп, қола медаль үшін өткен кездесуде қарсыласын 7:2 есебімен ұтты.
– Жақсы әсер алдық, үлкен тәжірибе жинадық. Ойыншылармен таныстық. Біз жартылай финалда Англиядан ұтылып, нәтижесінде қола жүлдеге ие болдық. Қола үшін ойында есеп 7:2 болды, – деді IFCPF әлем чемпионатының қола жүлдегері Виталий Крадин.
Бұл жетістікке өңірде бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Баршаға арналған футбол» жобасының да ықпалы зор. Жоба 2018 жылы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қазақстан футбол федерациясы, «Шахтер» футбол клубы, білім басқармасы және Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум негізінде қолға алынған.
Қарағанды – аталған жобаны Алматыдан кейін қолдаған Қазақстандағы екінші қала. Бағдарлама аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері футболмен айналысып, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Жас спортшылар кәсіби футболшылармен кездесіп, «Шахтер» клубының ойыншыларымен бірге жаттығуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар өңірдегі спорт мектептеріне барып, тәрбиеленушілермен бірлескен жаттығулар мен ойындар өткізілді.
Жобаның кураторы Наталья Сухорукова бұл жұмыстың негізгі мақсаты балаларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасау екенін атап өтті.
– Біз қалаларды аралап жүрдік. Церебралды сал ауруы бар спортшылардан құралған командамызбен Теміртауда да, Саранда да, спорт мектептерінде де өнер көрсетіп, не істей алатынымызды көрсеттік. Басты мақсатымыз – «иә, біз де қолымыздан келеді, біз де ойнай аламыз» деп көрсету болды. Бұл балалардың өздері үшін де өте маңызды еді. Олар «бәрімен бірге ойнай аламыз» дегенді іс жүзінде дәлелдеді, – деді «Баршаға арналған футбол» жобасының кураторы Наталья Сухорукова.
Жүйелі жаттығу мен тұрақты қолдаудың нәтижесі халықаралық аренада көрінді. Алайда әлем чемпионатындағы жол қарағандылық спортшылар үшін оңай болған жоқ. Жас командаға көп жылдық тәжірибесі бар қарсыластармен бәсекелесу үлкен сынақ болды.
– Чемпионаттың өзі өте қиын болды. Өйткені онда он-жиырма жылдық тәжірибесі бар, бұрыннан ойнап жүрген тәжірибелі спортшылар қатысты. Ал біз жас команда болып бардық. Бірінші ойынды ойнау жеңіл болды. Кейінгі ойындарда, әсіресе турнир соңына қарай қиындық сезілді, – деді IFCPF әлем чемпионатының қола жүлдегері Анатолий Федоровский.
Жеңімпаздарды қарсы алу рәсімінде облыстық мамандандырылған мүгедектігі бар спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Жанат Жұмабеков спортшыларды тарихи жетістігімен құттықтап, алғыс хат табыстады.
Қарағандылық спортшылардың әлем чемпионатындағы қола жүлдесі – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға спортпен айналысуға мүмкіндік берудің маңызын көрсететін жарқын мысал. Өңірде инклюзивті спортты дамытуға бағытталған тұрақты жобалар балалар мен жастардың қабілетін ашып қана қоймай, олардың үлкен жарыстарға жолын қалыптастырып отыр.
Ал әлем чемпионатындағы алғашқы қадамның өзі жүлдемен аяқталды. Ендігі мақсат – келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатына тыңғылықты дайындалып, Қазақстан қоржынына жаңа медаль салу.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

