Берекелі отбасы – белсенді отбасы

Қарағандыда Отбасы күні қарсаңында ата-ана мен баланы ортақ мақсатқа біріктірген отбасылық спорттық эстафета өтті. «Әкем, анам және мен – спорттық отбасымыз» («Папа, мама, я – спортивная семья») атты жарысқа сегіз отбасы қатысып, спорттық сайыстарда бақ сынады. Шараның басты ерекшелігі – жеңістен бұрын отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетіп, бірге уақыт өткізуі.

Отбасы – баланың тұлға болып қалыптасатын алғашқы ортасы. Сондықтан ата-ананың бала тәрбиесіне белсенді араласуы, баламен ашық қарым-қатынас орнатуы және ортақ іс арқылы жақындасуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, спорттық жарыс отбасылық байланысты нығайтудың тиімді тәсілдерінің біріне айналды.

Эстафета барысында отбасылар шапшаңдықты, ептілікті, төзімділікті және ұйымшылдықты талап ететін түрлі сайыстардан өтті. Әр команда жеңіске жетуге бар күшін салды. Алайда жарыстың басты нәтижесі жүлдеден гөрі ата-ана мен баланың бір-біріне демеу болып, ортақ мақсатқа бірге ұмтылуынан көрінді.

Балалар жарыс кезінде ата-аналарына жанкүйер болып, әр қадамын жігерлендірсе, ата-аналар өз кезегінде балаларына қолдау көрсетіп, олардың белсенді болуына ықпал етті. Осылайша спорт алаңы отбасы мүшелері үшін өзара сенім мен түсіністікті арттыратын ортаға айналды.

– Бүгін өте әсерлі әрі белсенді күн өткіздік. Шараға балалы отбасылар қатысып, олар үшін көңілді сайыстар мен спорттық эстафеталар ұйымдастырылды. Балалар ата-аналарына жанкүйер болса, ата-аналары да балаларына демеу беріп отырды. Бұл – отбасындағы өзара қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті, – дейді ұйымдастырушылар.

Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні де ерекше. Бала ата-анасын күнделікті өмірде ғана емес, спорт алаңында да өзіне үлгі ретінде көреді. Ал ата-ананың баласымен бірге спортпен айналысуы салауатты өмір салтына деген оң көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді.

Бүгінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау және отбасылық құндылықтарды нығайту – маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте ата-ана мен баланы бірге қамтитын қоғамдық және әлеуметтік жобалардың маңызы артып келеді.

Қарағандыда өткен спорттық эстафета да осы мақсаттарды көздейді. Шара «Қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандар мен отбасыларды анықтау және оларға кешенді қолдау көрсету» және «Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы бойынша жазасын өтеу орындарынан босап шыққан, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызмет көрсету» жобалары аясында ұйымдастырылды.

Бұл жобалардың аясында отбасыларға тек белгілі бір мәселені шешуге бағытталған көмек көрсету ғана емес, олардың қоғаммен байланысын нығайтуға, балалардың қалыпты дамуына қолайлы жағдай жасауға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Осындай бастамалардың бірі ретінде ұйымдастырылған спорттық жарыс отбасыларға еркін ортада араласуға, бір-бірін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Қатысушылар сайыс барысында бірге қуанып, жеңілістен кейін бір-біріне демеу көрсетіп, командалық рухтың маңызын сезінді.

Спорт мұнда жарыс құралы ғана емес, тәрбие мен қарым-қатынасты нығайтудың тетігі ретінде көрінді. Өйткені бала үшін ата-анасының қолдауы мен бірге өткізген уақытының орны бөлек. Ал отбасымен бірге өткізілген әрбір мазмұнды уақыт баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, жақындарымен сенімді қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді.

Отбасылық спорттық шаралардың тағы бір маңызы – балаларды белсенді өмір салтына тарту. Қозғалыс пен спортқа қызығушылықты ерте жастан қалыптастыру үшін ата-ананың үлгісі маңызды. Бала ата-анасының спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстанғанын көргенде, оны күнделікті әдетке айналдыруға бейім болады.

Жарыс соңында барлық отбасы үшін ең үлкен жетістік – жүлде емес, бірге өткізген уақыт пен өзара қолдау болды. Бір команда болып әрекет ету, бір-біріне көмектесу, жеңісті бірге бөлісу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.

Қоғамның берік негізі – тату әрі жауапты отбасы. Ал отбасының беріктігі өзара түсіністік пен қолдаудан басталады. Қарағандыдағы «Әкем, анам және мен – спорттық отбасымыз» отбасылық эстафетасы осы қарапайым қағиданы спорт арқылы көрсетіп, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»

Сурет: автордан