Шығармашылыққа жол ашқан аула клубы

Қарағандыдағы «Қуаныш» аула клубы балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін ортаға айналған. Мұнда 70-тен астам бала түрлі үйірмеге қатысады. Оның 25-і – инклюзивті топтың тәрбиеленушілері.

Клубтағы барлық сабақ тегін өткізіледі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі және қалыпты дамып келе жатқан балалар бірге білім алып, шығармашылық арқылы өзара қарым-қатынас орнатады. Қыш өнері, сурет салу, кескіндеме және арт-терапия бағыттарындағы сабақтар балалардың қиялын дамытып, өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.

Балалар сабақ барысында өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, бояумен жұмыс істеуді үйренеді. Әрбір шығармашылық жұмыс олардың жаңа қабілетін байқап, өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Үйірмелерді 15 жылдық тәжірибесі бар педагог Зарина Ханова жүргізеді. Инклюзивті білім беру бойынша сертификаты бар маман әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға көңіл бөледі.

– Әр баланың қабілеті әртүрлі. Сондықтан сабақ барысында олардың қызығушылығына қарай жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Өнер арқылы балалар өздерін еркін сезіне бастайды, – деді педагог Зарина Ханова.

«Қуаныш» – Қарағанды қаласы әкімдігіне қарасты аула клубтарының бірі. Қаладағы мұндай нысандардың әрқайсысының өзіндік бағыты бар. Ал «Қуаныш» клубында шығармашылық пен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға басымдық берілген.

– Балалар арасында қыш өнері, сурет және арт-терапияға қызығушылық жоғары. Алдағы уақытта аула клубтарының санын көбейтіп, үйірмелердің бағыттарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қарағанды қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Берік Досымбеков.

Клуб жұмысының негізгі ерекшелігі – балалардың өнер үйренуімен қатар, бір ортада араласып, бір-бірін қабылдауына жағдай жасалуы. Инклюзивті ортада бірге уақыт өткізген балалар қарым-қатынас жасауға, өзара қолдау көрсетуге және ортақ іске жұмылуға дағдыланады.

«Қуаныш» аула клубының тәжірибесі балаларға мүмкіндік берудің маңызын көрсетеді. Мұнда жетістік тек баланың салған суреті немесе жасаған бұйымымен өлшенбейді. Оның өзіне деген сенімінің артып, ортаға еркін араласуы – одан да маңызды нәтиже. Осындай шағын қадамдардың өзі бала үшін үлкен жетістікке айналады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»