Жас дзюдошыларға зор құрмет
Қарағандыда Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында жүлдеге ие болған спортшыларға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жарыста ел намысын қорғаған спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.
Әлем чемпионатына 59 елден 457 спортшы қатысқан. Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Жүлдеге қарағандылық спортшылар да өз үлесін қосты. Әділжан Жаудинов алтын медаль еншілесе, Бекәли Еркен қола жүлдеге ие болды.
– Бекәли мен Әділжан, сендерді осы үлкен жетістіктеріңмен құттықтаймын! Бұл – өздеріңнің ғана емес, жаттықтырушыларыңның, ата-аналарыңның және бүкіл өңірдің еңбегі. Алдағы жарыстарда да биіктен көрінулеріңе тілектеспін, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Әлем чемпионатындағы жоғары нәтижелері үшін спортшыларға жаңа автокөліктер табысталып, олардың бапкерлеріне ақшалай сертификаттар берілді.
Қола жүлдегер Бекәли Еркен – Шет ауданының Ағадыр кентінің тумасы. Шет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленіп, дзюдомен тоғыз жылдан бері айналысып келеді. Оның жеке бапкері – Ерсайын Омаров.
Жас спортшы әлем чемпионатында негізгі салмағы 69 келі болғанына қарамастан, 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, табандылығын көрсетті.
– Жарыс өте қиын болды, оңай болған жоқ. Алдағы жоспарым – жаттығуды жалғастырып, дзюдодан әлі де биік нәтижелерге жету, – деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Бекәли Еркен.
Қарағандылық дзюдошылардың жетістігі – өңірде жас спортшыларға жасалып отырған қолдаудың және спорт мектептеріндегі жүйелі дайындықтың нәтижесі. Жерлестерінің халықаралық аренадағы жеңісі Қарағанды облысында спорттық таланттарды тәрбиелеу жұмысының маңызды бағыттардың бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

