Кедергісіз ортаға бірге қадам
Қарағандыда алғаш рет Sheksiz Bike 2026 инклюзивті велошеруі ұйымдастырылып, ерекше қажеттілігі бар балаларға қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік берілді. Ауқымды шараға балалармен бірге олардың ата-аналары, еріктілер мен қала тұрғындары қатысып, инклюзияның маңызды құндылықтарын көпшілікке көрсетті.
Қоғамда әр адамға бірдей мүмкіндік беру, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың ортаға еркін араласуына жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта өткізілетін мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралардың маңызы зор. Өйткені мұндай бастамалар инклюзияны тек ұғым ретінде емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.
Қарағандыда алғаш рет өткен Sheksiz Bike 2026 велошеруі де осы мақсатты көздеді. Шараға жүзге жуық ерекше бала қатысып, өз қатарластарымен бірге спорттық белсенділікке араласты. Қатысушылар үшін бұл күн жарыс немесе спорттық сайыспен ғана шектелмей, жаңа ортаға бейімделуге, достар табуға және көпшілікпен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік берген ерекше күн болды.
Велошеру барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Қырыққа жуық ерікті қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, қажетті жағдайда көмек көрсетті. Волонтерлердің белсенді жұмысы балалардың өздерін еркін сезініп, шараға толыққанды қатысуына жағдай жасады.
Шараны «Batyl Jureq» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бастаманы KMF BANK пен KMF корпоративтік қоры демеушілікпен қолдаса, шараның өтуіне Қарағанды қаласының әкімдігі де атсалысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошерудің негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың спортқа қызығушылығын арттырумен қатар, олардың қоғамның белсенді мүшесі екенін көрсету. Спорттық шара арқылы балалардың мүмкіндігін танытып, қоғамның инклюзивті мәдениетін қалыптастыру көзделді.
Бұл ретте еріктілердің еңбегін атап өткен жөн. Шараға қатысқан волонтерлер балаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, инклюзияның нақты әрекеттен басталатынын көрсетті.
Қазақстан темір жолының еріктісі Жұлдызай Байдүйсен үшін де бұл шара ерекше әсер қалдырған.
– Бүгін біз Қазақстан темір жолы еріктілері ретінде «Batyl Jureq» қайырымдылық қоры ұйымдастырған Sheksiz Bike велошеруіне қатыстық. Велошеруде қырыққа жуық ерікті жұмыс атқарды. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.
Волонтерлердің қатысуы шараның мазмұнын одан әрі толықтыра түсті. Себебі инклюзивті орта қалыптастыру тек арнайы жағдай жасаумен шектелмейді. Ол – айналадағы адамдардың түсіністігі мен қолдауынан, бір-біріне құрметпен қарауынан басталады.
Велошеруге қатысқан Хамза есімді ерікті де шарадан алған әсерін бөлісті.
– Бүгін біз Sheksiz Bike 2026 велошеруіне қатыстық. Шара өте керемет өтті. Бізге арнайы жейделер беріліп, медальдармен марапатталдық. Осындай велошерулер жыл сайын жалғасын тапса екен деп тілейміз, – дейді ол.
Шара соңында қатысушыларға арнайы жейделер табысталып, белсенділік танытқандар медальдармен марапатталды. Бұл балалар үшін үлкен қуаныш болды. Мұндай марапаттар олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз күшіне сенуіне де оң әсер етеді.
Sheksiz Bike 2026-ның тағы бір ерекшелігі – шараның әртүрлі адамдарды бір ортаға біріктіруі. Ерекше балалар, ата-аналар, еріктілер мен қала тұрғындары бір алаңда бас қосып, ортақ қуанышпен бөлісті. Мұндай орта қоғамдағы өзара түсіністік пен қолдауды күшейтіп, адамдар арасындағы әлеуметтік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Инклюзия – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ғана қатысты мәселе емес. Бұл – қоғамның барлық мүшесіне ортақ құндылық. Әр бала өзінің қабілеті мен қызығушылығын дамытуға, қатарластарымен бірге ойнап, спортпен айналысуға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік алуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, Қарағандыда алғаш рет ұйымдастырылған Sheksiz Bike 2026 велошеруі – маңызды әлеуметтік бастама. Мұндай шаралар ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуетін көрсетуге жол ашып қана қоймай, қоғамның инклюзияға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.
Ең бастысы, инклюзивті қоғам құру бір күндік шарамен шектелмейді. Ол үшін күнделікті өмірде қолжетімді орта қалыптастырып, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсетіп, олардың қоғам өміріне еркін араласуына жағдай жасау қажет.
Sheksiz Bike 2026 осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Қарағандыда бастау алған игі бастама алдағы уақытта жалғасын тауып, дәстүрлі шараға айналса, бұл қаладағы инклюзивті ортаны дамытуға қосылған тағы бір маңызды үлес болмақ.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»
Сурет: автордан

