Алма бақты аялау – ортақ міндет

Қарағанды қаласының Орталық саябағында орналасқан алма бағы соңғы жылдары тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Табиғат аясында серуендеп, таза ауамен тыныстауды қалайтындар үшін бұл аумақ ерекше маңызға ие. Қала тарихындағы алғашқы ауқымды алма бағы бүгінде экологиялық жобаның ғана емес, қоғамдық мәдениеттің де көрсеткішіне айналып отыр. Алайда, мамандардың айтуынша, жасыл желекті сақтау мен күтіп-баптау ісінде тұрғындардың жауапкершілігі әлі де жеткіліксіз.

Орталық саябақтың батыс бөлігінде орналасқан алма бағында бүгінде бес мың түпке жуық алма ағашы өсірілуде. Олардың қатарында «Антоновка», «Белый налив», «Сибирячка» секілді өнімді әрі жергілікті климатқа бейімделген сорттар бар. Ал саябақ аумағының екінші бөлігінде табиғи ортаға икемделген жабайы алма ағаштары отырғызылған.

Көктем мезгілінде алма ағаштары гүлдеген уақытта бақ ерекше көрікке енеді. Ақ гүлге оранған ағаштар арасында серуендеп, суретке түсу үшін мұнда қала тұрғындары ғана емес, қонақтар да арнайы келеді. Алайда табиғаттың осындай әсемдігін бағалай бермейтіндердің де кездесетіні өкінішті. Соңғы уақытта бақ аумағында қоқыс қалдыру, ағаш бұтақтарын сындыру және жас көшеттерге зиян келтіру жағдайлары жиілеп отыр.

Алма бағын күтіп-баптаумен айналысатын маман Сәкен Келдібаевтың айтуынша, баққа отырғызылатын әрбір көшет алдын ала мұқият зерттеледі.

– Біз көшеттерді әкелмес бұрын олардың жергілікті топыраққа бейімділігін міндетті түрде зертханалық талдаудан өткіземіз. Тек оң нәтиже берген көшеттер ғана іріктеледі. Қазіргі таңда отырғызылған ағаштардың шамамен 80 пайызы жақсы өсіп келеді. Күн сайын келіп, мамандардың жұмысын бақылап, қажетті кеңестерімді беріп отырамын, – дейді ол.

Маманның сөзінше, бақтағы ағаштар арнайы агротехникалық талаптарға сәйкес отырғызылған. Қатарлар арасындағы қашықтық төрт-бес метрді құраса, бір қатардағы ағаштардың арасы шамамен үш метр болып белгіленген. Бұл жүйе көшеттердің еркін өсіп-жетілуіне, суару мен күтім жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Бақтағы жұмыстар жыл бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Бригадир Любовь Юрьевна жазғы кезеңде ағаштарды күтіп-баптау ерекше жауапкершілікті талап ететінін айтады.

– Біз ағаштарды күн сайын күтіп-баптаймыз. Суару жұмыстары таңғы сағат төрттен басталып, күн қызғанға дейін жалғасады. Кейін кешкі сағат жетіден түн ортасына дейін қайтадан суарылады. Сонымен қатар, ағаштардың түбіне ағаш үгінділері төселеді. Бұл топырақтағы ылғалды сақтап, қыста тамыр жүйесінің үсіп кетуінен қорғайды. Қажет болған жағдайда бұтақтарды кесіп, ағаштардың қалыпты өсуіне жағдай жасаймыз, – дейді ол.

Любовь Юрьевнаның айтуынша, алма ағаштарын күннің аптап ыстығында суару тиімсіз. Себебі мұндай жағдайда жапырақтар зақымданып, судың көп бөлігі буланып кетеді.

Сәкен Келдібаевтың бақтағы алма сорттары арнайы жоспар бойынша таңдалғанын айтады. Мысалы, «Белый налив» ерте пісетін сорттардың қатарына жатса, «Антоновка» ұзақ уақыт сақтауға жарамды. Қазіргі таңда бір алманың орташа салмағы 120-150 грамға дейін жетіп отыр. Бұл ағаштардың дұрыс күтім көріп жатқанын аңғартады. Биылғы көктемгі ауа райының қолайсыздығы да баққа әсер еткен. Көктемгі үсік салдарынан «Антоновка» сортының бір бөлігі зақымданған. Дегенмен, мамандар табиғи факторлардан гөрі адам әрекеті мен қараусыз жүрген жануарлардың зияны әлдеқайда көп екенін айтады.

– Кейбір тұрғын үй жануарларын бақылаусыз жібереді. Олар топтасып жүріп, жас көшеттерді зақымдайды. Бұдан да өкінішті жағдай өткен жылы орын алды. Біз Еуропадан арнайы әкелінген павлония ағаштарын отырғызған болатынбыз. Бұл ағаштар көмірқышқыл газын көп сіңіріп, көбірек оттегі бөледі және саялы көлеңке қалыптастырады деп жоспарлағанбыз. Қыс бойы оларды арнайы қаптап, мұқият күттік. Алайда көктемде барлық 50 көшеттің де сындырылғанын көрдік. Мұндай жағдайды көргенде еңбегіңнің зая кеткеніне қынжыласың, – дейді Сәкен Келдібаев.

Ағаштарды күтіп-баптаудың өзіндік технологиясы бар. Әр бұтақ арнайы талаптарға сай кесіліп, зақымданған жерлеріне қорғаныш құралдары қолданылады. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде бақтағы көптеген ағаштар бүгінде өнім бере бастаған. Алма бағының қазіргі жағдайы табиғатты қорғау мәселесінің тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетеді. Мыңдаған көшетті отырғызуға және оларды күтіп-баптауға қомақты қаржы мен үлкен еңбек жұмсалғанымен, тұрғындардың жанашырлығы болмаса, мұндай бастамалардың нәтижесі де төмен болмақ.

Мамандар экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажет деп санайды. Бұл үшін білім беру ұйымдарында табиғатты қорғауға бағытталған тәрбиелік іс-шараларды көбейтіп, жастарды ағаш отырғызу мен оны күтіп-баптау жұмыстарына кеңінен тарту маңызды.

Өйткені, бүгін сақталған әрбір көшет – ертеңгі саялы бақ, таза ауа және келер ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Табиғатты аялау – тек мамандардың емес, әрбір азаматтың ортақ парызы мен жауапкершілігі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»