Шаһар жолдарының тазалығы басты назарда
Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен кезекті онлайн режимдегі аппараттық кеңес өтті. Жиында көтерілген басты тақырып – қысқы автожолдарды күтіп ұстау. Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин мен Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Сәтпек Абдакаликов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Нұрлан Рыстин ауа райы жағдайына байланысты жолдардағы техника санын арттыру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
– Ағымдағы жылы алғаш рет аудан аумағын күтіп ұстауға үш жылдық шарттар жасалды. Енді жыл сайын конкурстар өткізуге қажеттілік жоқ, сондай-ақ бұл мердігерлік ұйымдарға лизингке және басқа механизмдер бойынша жаңа арнайы техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Аудан аппаратымен аумақты санитарлық және механикаландырылған тазалау жұмыстарымен айналысатын бес мердігерлік ұйыммен үш жылдық келісімшарт жасалды. Аумақты жинау 4 түрге бөлінеді: механикаландырылған, санитарлық, тұрғын үй алаптарын жинау және қоғамдық кеңістікті тазарту. Қазыбек би атындағы аудан бойынша барлығы бес мердігерлік ұйымда 336 бірлік мамандандырылған техника және 265 жол жұмысшысы бар. Күн сайын күндізгі ауысымға желіге 110 бірлік мамандандырылған техника және 120 жол жұмысшысы шығады. Түнгі ауысымда 80 техника және 70-100 жол жұмысшысы жұмыс істейді, – деді әкім.
– Автогрейдерлер мен самосвалдардың саны бойынша әділ сын айтылды. Осыған байланысты мердігерлік ұйымдар автогрейдерлердің шығуын күндізгі ауысымда 6-8 бірлікке және түнгі ауысымда 4-6 бірлікке дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізді, сондай-ақ біз самосвалдардың санын күндізгі ауысымда 20- 25-тен 50-60 бірлікке дейін және түнгі ауысымда 45-50 бірлікке дейін ұлғайттық, – деп хабарлады Қазыбек би ауданының әкімі.
– «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында Октябрь ауданы 6 секторға бөлінген, онда 6 мердігерлік ұйым жолдарды қысқы және жазғы ұстау жұмыстарын жүргізуде. Қысқы уақытта жұмыстар тәулік бойы, ал қалың қар жауған кезде күшейтілген режимде жүргізіледі. Механикалық жинау Октябрь ауданының 60 көшесін қамтитын маршруттарға сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ қысқы күтіп ұстауға скверлерді тазалау бойынша жұмыстар да кіреді. Олардың Октябрь ауданындағы саны 18, – деді Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Сәтпек Абдакаликов.
Қарағанды қаласының әкімі баяндамаларды тыңдап, қаладағы жаяу жүргінші жолдарын ешкім тазаламайтынын, ал автомобиль жолдары көктайғақ болып жататынын атап өтті.
– Сіздер жолдағы қозғалысты қамтамасыз етуге және тротуарларды қардан тазартуға жекелей жауаптысыздар. Жолдар мен тротуарлардың таза болуын талап етемін. Алаңдар мен саябақтарда олар жұмыс істеп жатқанын көруге болады, бірақ жаяу жүргіншілерге қатысты мәселелер әлі де бар. Бүгін күндіз-түні қаланы аралаймыз, көреміз. Барлық техника шығып жұмыс істеуі керек. Бұл – сіздердің міндет. Бұл жұмысты ұйымдастырып, бақылауларыңыз керек. Керек болса, барлық әкімдікпен шығыңыз! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.