Аймақта жол жөндеу қарқынды жүріп жатыр
Қарағанды облысында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биыл өңірде шамамен 500 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, төрт көпір мен бір жолөтпе қайта жаңартылмақ.
Жол саласындағы ең ірі жобалардың бірі – Саран мен Шахтинск қалаларын байланыстыратын ұзындығы 19 шақырымдық тасжолды күрделі жөндеу. Қазіргі уақытта оның 16 шақырымына асфальттың үш қабаты төселіп үлгерді. Қалған бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар 84 шақырым жол орташа жөндеуден өтуде. Мамандар жолдардың ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз ету үшін барлық нысандарда қалыңдығы 11 сантиметр болатын күшейтілген екі қабатты жабынды қолдануда.
Өңірдегі ауылдық елді мекендердің жолдарын жақсарту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш ауылдың ішкі жолдары жөнделеді.
Аппараттық кеңесте Қарағанды облысының әкімі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары кезінде ең басты талап сапа мен белгіленген мерзімнің сақталуы екенін атап өтті. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

