Жаңарту мен жаңа тариф: инфрақұрылым жаңғыруы мен баға теңгерімі

Қарағанды облысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің жылу, су және инженерлік инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл бастама қызмет сапасын арттырғанымен, тариф саясатына да тікелей әсер етеді.

Жуырда Қарағанды мен Теміртау қалаларында жобаның орындалу барысы республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен талқыланды. Сапар Теміртаудан басталып, мұнда 6-шағын аудандағы ішкі орамдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары қаралды. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 75 пайызға жеткен.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүріп жатқанын атап өтті.

«Биылғы жұмыста квартал ішіндегі құбырларды ауыстырамыз. Кеше, бүгін, түнде сол жұмыстарға кірісеміз», – деді қала әкімі.

Жалпы, Теміртаудағы жылу желілерін жаңғыртуға 25 миллиард теңге бөлініп, үш жылдық жоба аясында жүзеге асырылуда. Бұл – тек бір қаладағы ірі инфрақұрылымдық өзгерістердің көрінісі ғана.

Облыс орталығы Қарағандыда да ауқымды жобалар қатар жүзеге асырылуда. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту бағдарламасы аясында үш ірі нысан қамтылған. Оларға 44,8 миллиард теңге бағытталған. Солардың бірі – М2 жылу магистралінің сорғы станциясын қайта жаңарту.

«Бұл жұмыстар біздің қаламыздың жылу жүйесін тұрақтандыруға бағытталған. Жалпы жұмыс биыл аяқталуы жоспарланып отыр», – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Сонымен қатар «Қарағанды Су» мекемесіне қарасты су дайындау және тазарту станциясында да ауқымды реконструкция жүріп жатыр. Құны 15 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан келетін суды өңдеп, өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейді.

«Бұл нысандар 1974-1978 жылдары салынған. Олар өз ресурсын толық тауысты. Сондықтан реконструкция – уақыт талабы», – деді «Қарағанды Су» компаниясы бас директорының орынбасары Денис Калиничев.

Мамандардың айтуынша, жаңғырту аяқталған соң барлық жүйе толық автоматтандырылады. Жобалар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.

Дегенмен мұндай ауқымды жаңарту тариф саясатына да әсер етпей қоймайды. Сәуір айынан бастап енгізілген мораторий аяқталған соң, тарифтердің өсуі қайта қаралуда. Болжам бойынша, коммуналдық қызмет құны аймаққа қарай орта есеппен 5-15 пайызға дейін өзгеруі мүмкін.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов инфрақұрылымның тозуы мен инвестиция тапшылығының ұзақ мерзімді салдарын атап өтті.

«Электр станцияларындағы тарифтердің өсуіне тыйым салу салаға оңай соққан жоқ. Инвестиция жетіспеушілігі желілердің тозуына, апаттардың көбеюіне әкелді», – деді депутат.

Тарифтік саясатты реттеу мәселесі де ерекше назарда. Табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат – бағаны негізсіз өсірмеу мен халық мүддесін қорғау.

«Біздің басты міндетіміз – тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Тарифтің 10 пайыздан асатын бөлігі субсидия есебінен өтеледі», – деп түсіндірді Комитет төрағасының орынбасары Анар Байтукенова.

Мамандардың пікірінше, тариф енді тек қызмет құны емес, керісінше инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған инвестициялық құралға айналып отыр. Бұл тәсіл бір жағынан жүйені жаңартуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан әлеуметтік тұрақтылықты сақтауды талап етеді.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысында іске асып жатқан жобалар коммуналдық сектордың жаңа даму кезеңін қалыптастыруда. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, тұрғындар сапалы әрі үздіксіз қызметке қол жеткізеді деп күтілуде. Алайда бұл жолдағы ең маңызды міндет – инфрақұрылымды жаңарту мен халық үшін қолжетімді тариф арасындағы теңгерімді сақтау болып қала бермек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»