Қызметтен бас тарту машақаты
Қазақстанда телекоммуникациялық қызмет сапасына қатысты шағымдар азаймай тұр. Әсіресе, Қазақтелеком ұсынатын қызметтерден бас тарту рәсімінің күрделілігі тұрғындар арасында жиі сынға ұшырап келеді. Азаматтардың айтуынша, интернет немесе үй телефонын тоқтату қарапайым өтінішпен шешілмей, ұзақ уақыт пен қосымша шығынды талап етеді.
Көптеген тұтынушылар қызметтен бас тарту үшін бірнеше рет кеңсеге баруға мәжбүр екенін айтады. Кейбір жағдайларда келісімшартты бұзу үшін қосымша ақы төлеу қажеттілігі туындайтыны да қоғамда наразылық тудырып отыр. Әлеуметтік желілерде де бұл мәселеге қатысты пікірлер жиілеген: бір тарап сапасыз қызмет пен ұзақ рәсімдеуді сынаса, енді бірі есеп айырысудағы түсініксіздіктерге шағымдануда.
Тұрғындардың бірі жағдайды былай сипаттайды:
«Интернеттің сапасы тұрақсыз, үзілістер жиі болады. Бірақ одан бас тарту үшін бірнеше рет барып, өтініш жазу керек», – дейді қала тұрғыны.
Тағы бір азамат келісімшартты тоқтату процесінің күрделілігін атап өтті:
«Телефон әйелімнің атында. Оны өзім апарсам да, ішке кіргізбейді. Жарты жылдан бері мәселе шешілмей жүр», – дейді ол.
Компания өкілдері әр жағдай жеке қаралатынын және қосымша төлемдер тек келісімшарт талаптарына байланысты екенін түсіндіреді. Қазақтелеком сервис-менеджмент департаментінің директоры Ақбота Мерғалиева бұл ретте шарттық міндеттемелердің маңызын атап өтті.
«Абонент келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, жеңілдікпен ұсынылған қызмет құнының айырмасы өтелуі тиіс», – деді ол.
Яғни, компанияның түсіндіруінше, белгілі бір тарифтер жеңілдікпен ұсынылғандықтан, оны ерте тоқтатқан жағдайда сол жеңілдіктің өтемі қайтарылады. Бұл тәжірибе телекоммуникация саласында кең таралған шарттық механизмдердің бірі ретінде қарастырылады.
Алайда заңгерлер бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын айтады. Олардың пікірінше, тұтынушы кез келген уақытта қызметтен бас тартуға құқылы, бірақ бұл жағдайда нақты шығындар дәлелденуі тиіс.
Адвокат Илья Махловтың айтуынша: «Егер компания нақты шығындарын дәлелдесе, талап қоюға құқылы. Ал дәлел болмаса, келісімшарт тұтынушы өтініш берген сәттен бастап тоқтатылуы тиіс. Бірақ көп жағдайда мұндай шығындардың нақты негізделуі күмән тудырады», – дейді заңгер.
Осылайша, мәселенің түпкі түйіні – қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы шарттық қатынастардың ашықтығы мен рәсімдердің жеңілдігінде жатыр. Бір жағынан, компания келісімшарт талаптарын қорғауға тырысса, екінші жағынан, азаматтар қарапайым қызметтен бас тартудың өзі күрделі процеске айналғанын алға тартады.
Сала өкілдері алдағы уақытта барлық қызметтерді цифрландыру және мобильді қосымша арқылы басқару жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын айтады. Бұл өзгеріс жүзеге асса, тұтынушылар үшін қызметті қосу мен тоқтату процесі едәуір жеңілдеуі тиіс.
Дегенмен, бүгінгі таңда мәселе толық шешілді деуге ерте. Байланыс қызметтерін пайдалану қаншалықты оңай болса, одан бас тарту да соншалықты қолжетімді болуы тиіс деген қоғамдық пікір әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

