Кітап оқу – қайта трендте!

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының қорытындысы өтті. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама қарапайым байқау шеңберінен асып, өңірдегі ауқымды рухани қозғалысқа айналды. Жобаға оқушылардан бастап еңбек ұжымдарына, жас отбасылардан зейнеткерлерге дейін ондаған мың адам белсенді қатысты.

Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, пилоттық жоба ретінде алғаш рет Қарағанды облысында қолға алынды. Кейін оған Қостанай облысы мен Шымкент қаласы қосылды. Соның ішінде қатысушылар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Қарағанды өңірінде тіркелді. Мұнда жобаға 67 824 адам қатысқан. Бұл өңір тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылды. Салтанатты шарада жобаның үздік қатысушылары мен белсенді оқырмандары марапатталды.

Байқау қазақ және орыс лигалары бойынша екі бағытта өтіп, алты аталымды қамтыды. Қатысушылар жас ерекшелігі мен қызығушылығына қарай сарапшылар ұсынған 15 кітапты оқыды. Тізімге қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары енгізілді. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы сынды көрнекті тұлғалардың еңбектері бар.

Жоба талаптарына сәйкес қатысушылар электронды оқырман күнделігін жүргізіп, әр кітап бойынша өз пікірлерін жазды. Кейін арнайы тестілеуден өтіп, облыстық деңгейдегі зияткерлік квизге қатысты. Бұл тәсіл тек кітап оқумен шектелмей, оқылған шығарманы түсіну, талдау және есте сақтау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаның маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалар қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтты.

– Бұл жоба кітапқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Демек, саналы түрде даму жолын таңдайтын қоғам қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздің болашағы кемел әрі тұрақты болатынын білдіреді. Бүгінгі күн көптеген игі бастамалар мен дәстүрлердің негізін қалады, олар өзгелерге үлгі бола алады. Осындай бастамалардан интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы басталады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған инфрақұрылымдық жобалар да жалғасып жатқанын атап өтті. Қарағанды қаласындағы «Алаш» скверінде жаңа кітапхана ашылған. Алдағы уақытта тағы бір кітапхана Назарбаев көшесінде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар болашақта «Керуен-Қарағанды» сауда-ойын-сауық орталығында кітапхана үшін екі мың шаршы метрден астам аумақ бөлінеді. Бұл бастамалар тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттырып, жаңа қоғамдық мәдени кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында Қарағанды қаласынан Балғабек пен Жұмағұловтар отбасы жеңімпаз атанып, Астанада марапатталды. Ал өңірде «Кітап оқитын әулет» аталымының лауреаттарына марапатты облыс әкімі табыстады.

Балқаш қаласынан Құрал отбасы облыс бойынша үшінші орын иеленді. Отбасының ұйытқысы Назым Құралдың айтуынша, байқау балалардың кітапқа деген көзқарасын өзгерткен.

– Байқауға қатысушылар көп болды, біз тіпті жүлдегер атанамыз деп ойлаған жоқпыз. Балалар жай ғана оқығысы келді, біз оларды қолдадық. Әр оқылған кітаптың өзіндік мәні бар, әрқайсысы ерекше әсер қалдырады, – дейді Назым Құрал.

Жобаның ерекше қатысушыларының бірі 80 жастағы Бағзат Оралбай. Ұзақ жыл ұстаздық еткен ардагер кітаптың адам өміріндегі орны ерекше екенін айтады.

– Біздің отбасымызда бәрі де кітапқа жақын адамдар. Мен бала кезден кітапты жақсы көремін және әлі күнге дейін оқимын. Маған Шерхан Мұртазаның шығармалары ұнайды. Жастарға айтарым: көбірек оқыңдар, кітап адамға көп нәрсе береді, – деп өскелең ұрпаққа ақ тілегін білдірді Бағзат апа.

Жоба аясындағы ең ауқымды санаттардың бірі «Кітап оқитын мектеп» аталымы болды. Бұл бағытқа 30 мыңнан астам адам қатысқан. Аталым жеңімпаздары ретінде Приозерск қаласынан 8-сынып оқушылары Айнара Сабық, Перизат Файзуллаева және Лаура Жарылғапова танылды.

– Кітапқа деген сүйіспеншілік бірден келген жоқ. Шамамен 9-10 жаста, мектепте бес минуттық оқу енгізілген кезде басталды. Бұл жоба жаңа авторларды ашуға мүмкіндік беріп, жақсы мотивация болды, – дейді оқушылар.

Жоба жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйақы табысталды. Бірінші орын иегерлері 1 миллион теңге, екінші орын иегерлері 600 мың теңге, ал үшінші орын алғандар 400 мың теңге көлемінде сыйақы алды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»