Кеншілерді қолдау: өмірлік төлем мен әлеуметтік әділеттілік арасындағы жаңа шешім
Қарағанды өңірінде кеншілердің әлеуметтік жағдайы мен өндірісте денсаулығын жоғалтқан жұмысшылардың мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Бір жағынан – мемлекет кенші-регрессниктерге өмір бойы төленетін төлемдер енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Екінші жағынан – көп жылдан бері өз құқығы үшін күресіп келе жатқан шахтерлер нақты әрі әділ шешімді күтуде.
Бұл тақырып соңғы уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деңгейінде талқыланып, арнайы модель әзірлеу жұмыстары басталған. Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе тек бюджет есебінен емес, сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілер және зейнетақы жүйесінің қатысуымен іске асырылуы тиіс.
Министр Асқарбек Ертаев бұл мәселенің күрделілігін ашық айтты.
«Мұнда (басқа тараптарды) тарту қажет. Бұның бәрін тек бюджет есебінен шешу мүмкін емес екенін дұрыс түсіну керек. Бұған сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілер, сондай-ақ зейнетақы қоры қатысуы тиіс және белгілі бір деңгейде бюджет те атсалысуы қажет», – деді министр.
Қазіргі таңда аталған модель бойынша есептеулер дайындалып жатыр. Кәсіподақтар, жұмыс берушілер және сақтандыру ұйымдарының қатысуымен келіссөздер жүргізілуде. Ал алғашқы қорытындылар мен ұсыныстар ай соңына дейін жариялануы тиіс.
Алайда бұл мәселе кеншілер үшін жаңа емес. Қарағанды облысында өндірісте жарақат алған немесе кәсіби ауруға шалдыққан шахтерлердің құқықтары мен төлемдері 2015 жылдан бері талқыланып келеді. Регрессниктердің басты талабы – өндірісте денсаулығын жоғалтқан азаматтарға берілетін төлемдерді өмір бойына сақтау.
Солардың бірі – шахтерлер әулетінің өкілі, еңбек жолын Костенко шахтасында бастаған Наиль Юсупов. Ол жер астындағы ауыр еңбек жылдарын еске алады.
«Кәсіби ауру бір күнде пайда болмайды. Алғашқы белгілерді 2000-жылдардың басында байқай бастадым. Ентігу пайда болды. Кейін өкпе толық зақымданғаны анықталды», – деді Наиль Юсупов.
35 жылын шахтаға арнаған ол бүгінде еңбекке жарамсыз. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы асқынған. Бұған дейін ол өндірістік жарақат үшін берілетін регресс төлемдерімен күн көріп келген. Алайда заңнамаға сәйкес зейнет жасына жеткен соң бұл төлемдердің тоқтатылу қаупі бар.
Кеншілер құқығын қорғайтын кәсіподақ өкілдері мұндай жағдайды әділетсіз деп санайды. «Қорғау» көміршілер кәсіподағы төрағасы Евгений Буслаев бұл мәселенің ұзақ уақыт шешімін таппай келе жатқанын атап өтті.
«Бұл – әділетсіздік. Ауру кетпейді, керісінше, асқына түседі. Бұл емге қосымша шығындарды талап етеді. Біз бұл мәселемен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеміз, бірақ нақты нәтиже жоқ», – деді ол.
Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, соңғы бастама осы көпжылдық жұмыстың нәтижесі болуы мүмкін. Тараптардың қатысуымен өткен кездесулерден кейін арнайы сараптамалық топ құрылып, қаржыландыру тетіктері қарастырылуда.
«Бұл – біздің көпжылдық еңбегіміздің нәтижесі. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Енді арнайы комиссия құрылып отыр», – деді Евгений Буслаев.
Жаңа жүйе іске асса, өндірісте денсаулығын жоғалтқан кеншілерге өмір бойы төлем қарастырылуы мүмкін. Бірақ мәселенің түйіні – қаржыландыру көзінде. Бюджет жалғыз өзі бұл жүктемені көтере алмайды, сондықтан сақтандыру және жұмыс беруші институттарын тарту басты бағыт ретінде қарастырылуда.
Сарапшылардың айтуынша, Қарағанды өңірінде 3,5 мыңнан астам регрессник бар. Бұл – мәселенің әлеуметтік ауқымын айқын көрсететін көрсеткіш.
Қорытындысында, кеншілерді қолдау тек әлеуметтік төлем мәселесі емес, бұл – еңбек адамына деген әділетті көзқарастың көрінісі. Өмірін жер астында өткізген жандардың тағдыры заңдық және қаржылық тұрғыда нақты шешімін таппаса, әлеуметтік теңгерімге қол жеткізу қиын. Сондықтан алдағы реформалар кеншілердің өмірлік мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

