Емхана тәжірибесі

Қазақстан емханаларында соңғы бір жылда жаңа жүйе сынақтан өтуде: алғашқы қабылдауды дәрігер емес, мейіргерлер жүргізеді. Бұл өзгеріс денсаулық сақтау саласындағы жүктемені азайтып, пациенттердің қабылдауға кіру уақытын қысқартуға бағытталған.

Жаңа тәртіп бойынша мейіргерлер науқасты алғаш қабылдап, шағымын тыңдайды, бастапқы тексеру жүргізеді, қажет болған жағдайда жолдама береді немесе алдын ала ем тағайындайды. Ал күрделі жағдайлар дәрігердің қарауына жіберіледі. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы тоғыз айда мейіргерлер шамамен 5 миллионға жуық адамды қабылдаған. Қабылдауға кіру уақыты орта есеппен 5-7 күннен 3 күнге дейін қысқарған.

Алайда қоғамда бұл өзгеріске қатысты пікір екіге бөлінді. Бірі кезектің азайғанын тиімді десе, енді бірі диагноздың дәл қойылуына күмәнмен қарайды.

– Олар да білім алған мамандар ғой. Сондықтан сеніммен қараймын, – дейді тұрғындардың бірі.

Ал кейбірі керісінше пікірде:

– Дәрігердің орны бөлек, емді тек дәрігер тағайындауы керек, – дейді екінші топ.

Кей пациент үшін жаңа жүйе қолайлы болып отыр. Себебі дәрігерге жазылу қиын болған жағдайда мейіргер алғашқы көмекті жылдам көрсетеді.

– Кезек көп болғандықтан, медбикелердің қабылдауы ыңғайлы. Олар құжаттарды да реттеп береді, – дейді емханаға жиі келетін тұрғын.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйенің басты мақсаты – дәрігерлердің уақытын күрделі науқастарға арнау. Яғни мейіргерлер «алғашқы сүзгі» қызметін атқарады, ал нақты медициналық шешімді дәрігер қабылдайды.

–– Қазіргі жалпы дәрігерлік тәжірибе шеңберінде медициналық көмектің алғашқы буынын қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе мейіргерлердің рөлін күшейту арқылы пациент ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Яғни мейіргерлер алғашқы қабылдауды жүргізіп, науқастың жағдайын бағалайды, қажетті тексерулерді тағайындайды және қажет болған жағдайда дәрігерге жолдайды. Осылайша, дәрігерлер күрделі клиникалық жағдайларға көбірек уақыт бөле алады. Бұл тәсіл қазіргі таңда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, – дейді республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының бөлім меңгерушісі Бекжан Намет,

Сала өкілдері бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде қолданылатынын айтады. Дегенмен мамандар мейіргерлердің біліктілігі мен тәжірибесіне ерекше талап қойылуы керек екенін ескертеді.

– Бұл жұмыс үлкен жауапкершілік. Мейіргердің тәжірибесі кемінде 2–3 жыл болуы тиіс. Өйткені медицинада қателікке жол жоқ, – дейді Вячеслав Локшин, профессор, медицина саласының сарапшысы.

Денсаулық сақтау саласындағы бұл өзгеріс кадр тапшылығы жағдайында жұмысты тиімді бөлуге мүмкіндік бергенімен, әлі де пікірталас тудыруда. Бір тарап оны медициналық жүйені жеңілдететін қадам десе, екінші тарап кәсіби диагноздың сапасына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Қалай болғанда да, бұл тәжірибе емхана жұмысын жаңа деңгейге шығарып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»