Табиғатқа жанашыр ұрпақ
Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін бала кезден қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты сурет байқауын ұйымдастырды.
18-28 мамыр аралығында өткен шығармашылық сайыс жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға, экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау идеяларын насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар байқау балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және олардың табиғатты қорғау мәселелеріне деген қызығушылығын арттыруды көздеді.
Байқауға қатысушылар туған өлкенің табиғатын, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың маңызын бейнелейтін плакат жанрындағы жұмыстарын ұсынды. Әр суреттен балалардың табиғатқа деген жанашырлығы мен қоршаған орта тағдырына бейжай қарамайтын көзқарасы анық байқалды.
Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау кезінде шығармашылық идеяның ерекшелігіне, тақырыптың ашылуына, көркемдік безендірілуіне және экологиялық мазмұнына ерекше назар аударды. Нәтижесінде төрт жас ерекшелік санаты бойынша үздік жұмыстар анықталды.
5-7 жас санатында бірінші орынды Жумадилова Алена иеленсе, екінші орын Даренских Вероникаға бұйырды. Ал Шиян Русалина үшінші орынға лайық деп танылды.
8-10 жас аралығындағы қатысушылар арасында Сурков Максим жеңімпаз атанды. Екінші орынды Хишина Медина иеленді.
11-14 жас санатында бірінші орын Ткалин Артем мен Перховка Эвелинаға берілді. Екінші орынға Неклюдова Алена лайық деп танылса, үшінші орынды Хвесик Екатерина иеленді.
15-18 жас аралығындағы қатысушылар арасында Соколова Юлия мен Галимова Диана үздік деп танылды. Екінші орын Джиоева Карина мен Свирид Ринатқа бұйырса, үшінші орынды Трофимова Валерия иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар балалардың табиғатты қорғау мәселелеріне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға да ықпал етеді. Себебі қоршаған ортаның тазалығы мен табиғи байлықтарды сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті байқауға қатысқан барлық тәрбиеленушілерге, олардың педагогтеріне және ұйымдастырушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар балалардың экологиялық тақырыпқа арналған шығармашылық ізденістері мен тың идеялары жоғары бағаланды.
Мамандардың пікірінше, табиғатты қорғау туралы түсінік мектеп қабырғасынан ғана емес, осындай тәрбиелік маңызы зор шаралар арқылы да қалыптасады. Балалардың суреттерінде бейнеленген таза өзендер, жасыл ормандар мен гүлденген табиғат олардың қоршаған ортаға деген қамқор көзқарасын көрсетеді.
Экологиялық мәдениет – болашақтың кепілі. Ал табиғатты аялауға үндейтін осындай бастамалар жас буынның санасына жауапкершілік ұялатып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Бүгін қағаз бетіне түскен жарқын идеялар ертең қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты істерге ұласары сөзсіз.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

