SENI CUP-2026 республикалық турнирі

Алматы облысының Қарғалы ауылында зияткерлік даму ерекшеліктері бар азаматтар арасында шағын футболдан SENI CUP-2026 республикалық турнирі ұйымдастырылды. Екі күн бойы жалғасқан жарысқа еліміздің Алматы, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарынан келген 13 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Турнир қатысушылары екі кіші топқа бөлініп, алдымен топтық кезеңде сынға түсті. Кейін үздік нәтиже көрсеткен командалар жартылай финал мен финалдық кездесулерде Қазақстан кубогын сарапқа салды. Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, әр ойында жеңіске деген ұмтылысын байқатты.

Бұл додада Қарағанды облысының намысын төрт команда қорғады. Атап айтқанда, Қарағанды қаласындағы №2 және №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, сондай-ақ Саран қаласы мен Қарқаралы ауданының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тәрбиеленушілерінен жасақталған құрамалар жарыс жолына шықты.

Аймақ командалары турнир барысында сәтті ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Қарқаралы ауданынан келген «Сарыарқа» командасы «Б» кіші тобында табысты өнер көрсетіп, өз мүмкіндігін толық пайдалана білді. Ал Саран қаласының «Спарта» командасы «А» тобында сенімді ойын көрсетіп, жарыстың күміс жүлдесін жеңіп алды. Команда ойыншысы Артем Гайнутдинов турнир қорытындысы бойынша «Үздік сұрмерген» атанды.

Қарағанды қаласының «Жеңіс» командасы да жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медальға қол жеткізді. Командалар соңғы минуттарға дейін күресіп, өзара бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті.

Команданың бас бапкері Мұхаметкәрім Мұсатаев мұндай жарыстардың спорттық нәтижеден бөлек әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.

– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр ойын ерекше жауапкершілікті талап етті. Қатысушылар алаңда өз мүмкіндіктерін барынша көрсетіп, қиын сәттерде командаластарына қолдау білдіре алды. Осындай жарыстар тәрбиеленушілердің өз күшіне деген сенімін нығайтып, қоғаммен араласуына және ұжымдық қарым-қатынасты дамытуына ықпал етеді, – дейді ол.

Қарқаралы ауданы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрболат Донғұловтың айтуынша, орталық тәрбиеленушілері SENI CUP турнирлеріне бірнеше жылдан бері тұрақты қатысып келеді және әрдайым жақсы нәтижелер көрсетуде.

– Біздің спортшылар бұл жолы да өздерін жақсы қырынан танытты. Олар әр кездесуге тыңғылықты дайындалып, алаңда жинаған тәжірибесін көрсете білді. Мұндай жетістіктер жүйелі жаттығу мен бапкер еңбегінің жемісі. Дайындық кезінде балалардың физикалық қабілеттерімен қатар, тәртіпке, өзара түсіністікке және ойын кезіндегі сенімділікке де ерекше көңіл бөлінеді, – дейді Нұрболат Донғұлов.

SENI CUP-2026 турнирі қарағандылық командалар үшін нәтижелі аяқталды. Облыс өкілдері жүлделі орындарға ие болып қана қоймай, жекелеген ойыншылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Ең бастысы, жарыс қатысушылары спортқа деген қызығушылығын, жеңіске деген жігерін және командалық бірліктің маңызын тағы бір мәрте дәлелдей алды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»