«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста»
Қарағандыда ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық шығармашылық байқау өз мәресіне жетті. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» атты сайысқа мектеп оқушылары, студенттер, жас суретшілер мен жас қаламгерлер қатысты. Байқау Абай әлемін терең түсінуге бағытталып, өңір жастарының әдебиет пен өнерге деген қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетті.
Байқауға шамамен екі мың өтінім түсті. Соның ішінен Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Абай қалалары мен Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарқаралы және Шет аудандарынан келген 57 қатысушы финалға жолдама алып, сайыс төрт номинация бойынша өтті:
- Абай өлеңдерін көркем оқу – «Көркемсөз шебері»;
- «Қара сөздерге» түсінік беру және талдау – «Даналық үні – қара сөз»;
- Ақын шығармашылығының бейнелеу өнеріндегі көрінісі – «Абай әлемі – сурет тілімен»;
- Студент жастардың эсселері – «Ақыл, қайрат, жүрек – бүгінгі жасқа бағыт».
Финалистерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей: «Абайды түсіну – қазақ халқының философиясын, рухани өзегін түсіну. Бұл сайыста Абай әлемін тереңінен түсініп, көкжиегіміз кеңейді деп ойлаймын», – деп атап өтті.
Қатысушылардың жұмыстарын ғалымдар, филологтар және кәсіби суретшілерден құралған қазылар алқасы бағалады.
– Қатысушылардың дайындығы өте жоғары деңгейде. Қарағанды – әдеби мектебі мықты қалыптасқан өңір, – деді қазылар алқасының мүшесі Базарбек Атығай.
Бейнелеу өнері номинациясының жеңімпаздары:
«Абай әлемі – сурет тілімен» аталымында Саран қаласындағы №1 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Лаура Талашова үздік атанды.
– Суретпен айналысып жүргеніме шамамен төрт жыл болды. Бұл байқауға Абайдың портреті мен өлеңдері негізінде пейзаж дайындадым. Ең қиыны – детальдерді дәл беру еді, бірақ ойымды толық жүзеге асыра алдым деп санаймын, – деді Лаура Талашова.
Екінші орын қарағандылық Наргиз Маубаеваға, үшінші орын Молодёжный кентінің оқушысы Анастасия Семёноваға бұйырды.
Эссе аталымы бойынша:
Ең үздік нәтиже Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінің 3-курс студенті Альфина Таубалдыға тиесілі болды. Екінші орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясының курсанты Рабиға Асанова, үшінші орынды философия және психология факультетінің студенті Арина Сосновская иеленді.
«Көркем оқу» аталымы:
Ең жоғары қызығушылық «Көркемсөз шебері» аталымында байқалды. Бұл бағытқа мыңнан астам өтінім келіп түсті. Кіші жас санатында Ж.Тәшенов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Алуа Анарбаева, ал жоғары санатта Шет ауданынан келген 10-сынып оқушысы Нұрасем Серік бірінші орынды жеңіп алды.
Байқауға 160-тан астам бейнелеу жұмысы, мыңнан аса көркем оқу өтінімі және ондаған эссе келіп түсті. Бұл – жас ұрпақтың ұлы Абай мұрасына деген шынайы қызығушылығының айқын дәлелі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

