Қаржыландыру тоқтады, қауіп сейілмеді: Қазақстандағы ЖИТС-пен күрестегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі

Қазақстанда ЖИТС-пен күреске бағытталған ондаған жобалар халықаралық гранттардың тоқтатылуына байланысты жабылды. Бұған дейін оларды USAID сияқты халықаралық ұйымдар қаржыландырып, мамандарын жіберіп, тәжірибе алмасу, оқыту жүргізу, әдістемелер мен зерттеулер ұсынған. Қаржылық қолдаудың тоқтауы індетке қарсы күреске қалай әсер етеді және алдын алу шараларындағы бос орынды қалай толтыруға болады деген сұрақ туындауда.

Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдерінің айтуынша, халықаралық ұйымдар Қазақстан үшін ауқымды жұмыс атқарған. 2022 жылдан бастап мемлекет араласып, ҮЕҰ-ларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөле бастады. Қазір көптеген ұйымдар тек шетелдік гранттарға ғана сүйенбей, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы арқылы тендерлерге қатысып, жұмысын жалғастыруда.

 

Мамандар пікірі

Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Бейбіт Сағымбаевтың айтуынша:

«Ел ауқымында бұл жағдай эпидемиологиялық ахуалға әсер етпейді, әсіресе ЖИТС жұқпасының алдын алу бағытында қиындық туындамайды. Егер халықаралық ұйымдар кететін болса, мемлекет бұл бастамаларды өз қолына алады. Халықаралық ұйымдармен жұмыс нәтижелі болды, сол бағыттағы іс біртіндеп жергілікті деңгейге өтуде».

ҮЕҰ ең күрделі және қиын жұмыстарды өз мойнына алады, себебі қауіп тобына жататын адамдар әрдайым өз еркімен дәрігерге бармайды. Бұл топқа ер адамдармен жыныстық қатынаста болған ер адамдар, инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық қызмет көрсететін адамдар жатады.

– Біздің ұйымда «тең-теңімен» қағидаты бойынша жұмыс істейміз. Яғни, бұл – өзі де осы жолдан өткен, өмірлік тәжірибесі бар адамдар. Олар қалай әрекет ету керегін, қандай сөз айту керегін, қолдау көрсету жолдарын біледі. Ең бастысы – түсіністік, қамқорлық және қолдау, – дейді Қарағанды облыстық «Доверие» ассоциациясының басшысы Айнұр Нупинова.

 

Қаржылық қиындық пен мемлекеттік араласу

Халықаралық қаржыландырудың тоқтатылуы ең алдымен ҮЕҰ-ларға соққы болып отыр, дейді денсаулық сақтау саясаты саласындағы сарапшы Әли Нұрғожаев.

«Тек гранттар есебінен жұмыс істеген ұйымдар үшін бұл ауыр соққы. Мемлекеттік органдар жауапты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен емдеуді жалғастырады, алайда ақпараттық қолдау мен мақсатты топтарға бағытталған көмек әлсірейді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы ескі және тиімсіз әдістермен шектеліп қалады. Егер ҮЕҰ өз көмегін нақты мұқтаж адамдарға жеткізсе, бұл мемлекеттік форматқа қарағанда тиімдірек болар еді».

 

Статистика мен келешек жоспарлар

Бүгінде Қазақстанда АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) жұқтырғандар саны шамамен 36 мың адамды құрайды, оның 6,5 мыңы – Қарағанды облысында. Халықаралық деңгейде Қазақстан 2026 жылы АИТВ-ге қатысты бағдарламаларға ішкі бюджеттен бөлінетін қаражатты көбейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Алайда азаматтық сектордың қатысуынсыз мемлекеттік құрылымдардың бұл жұмысты тиімді жүргізуі екіталай.

Эксперттердің пікірінше, мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру, мақсатты топтарға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыру және ақпараттық-түсіндіру жұмысын заманауи әдістермен жүргізу – ЖИТС-пен күрестің тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі шарты болып отыр.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»