Сұр смартфонның сырын білесіз бе?
Қазақстанда «сұр» немесе «қара» тізімдегі телефондарды заңдастырып беремін дейтін делдалдар көбейіп барады. Әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарында «IMEI тіркеймін», «құжатсыз телефон заңдастырамын» деген жарнамалар ашық жарияланып жүр. Алайда мамандар мұндай қызмет түрлерінің басым бөлігі алаяқтық екенін ескертеді.
Биыл ақпан айынан бастап елімізде барлық ұялы телефондар IMEI-код арқылы тіркеліп, «ақ», «сұр» және «қара» тізімдерге бөлінген болатын. Ал тамыздан бері IMEI-коды расталмаған құрылғылар желіден ажыратыла бастады. Бұл шараның мақсаты – елге заңсыз әкелінген, контрабандалық немесе жалған кодпен сатылатын смартфондардың жолын кесу.
Бағдарламалық қамтамасыз ету компаниясының коммерциялық директоры Мәди Шерімнің айтуынша, соңғы уақытта телефондарды тіркеу ережесін айналып өтудің түрлі тәсілдері ұсынылып жүр.
«Алаяқтар жаңа телефонды бұрыннан тіркелген IMEI-ге қосуға тырысады немесе жалған құжат ұсынады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай «көмектің» еш пайдасы жоқ. Жалған верификациялар жүйе арқылы анықталып, автоматты түрде жойылады, ал құрылғы бірден бұғатталады», – дейді сарапшы.
Мұндай әрекет тек телефоннан айрылумен шектелмеуі мүмкін. Киберқауіпсіздік маманы Қалилалло Байтасовтың айтуынша, «құжатсыз тіркеу» қызметін ұсынушылар көбіне пайдаланушылардың жеке деректерін иемденуді көздейді.
«Кейде адамдар адал көрінетін делдалдарға сеніп, өз атынан тіркеу жасатып жатады. Бірақ бұл – үлкен тәуекел. Телефонды тіркеу кезінде сіздің жеке деректеріңізге, тіпті банк шоттарыңызға да қол жеткізуі мүмкін. Кей жағдайларда телефон толық бұғатталып, оны ашу үшін ақша талап етіледі», – дейді маман.
Сарапшылардың айтуынша, телефон сатып алмас бұрын IMEI.RFS.GOV.KZ сайты арқылы құрылғының тіркелу мәртебесін тексеру қажет. Егер телефон тіркелмеген болса, сатып алушы оны 14 күн ішінде сатушыға қайтарып, қаражатын қайтара алады.
Мамандар халықты абай болуға және күмәнді қызметтерге сенбеуге шақырады. Себебі бір сәттік үнемдеу ақыры қымбатқа түсуі мүмкін – ал «сұр» телефон үшін төленетін баға кейде жеке деректердің, тіпті қаржының жоғалуымен аяқталады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

