Ымдау тілі: шексіз мүмкіндіктер тілі

23 қыркүйек – Ымдау тілдерінің халықаралық күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата есту қабілеті шектеулі жандар үшін тілдік кедергілерді жою мен инклюзивті қоғам құрудың маңызын айқындайды. Қарағанды қаласында бірнеше жылдан бері ерекше жандардың өнер мен шығармашылық арқылы өзін-өзі дамытуына жағдай жасайтын арнайы Мәдениет үйі табысты жұмыс істеп келеді.

Александр Лапин – есту қабілетінің шектеуіне қарамастан, өмірін өнермен өрнектеген жан. Бала кезінде ауырған сырқаттың салдарынан құлағы естімей қалған ол, арнайы интернатта білім алып, кейін Ленинград политехникумында «суретші-безендіруші» мамандығын меңгерген. 1984 жылдан бері Қарағандыдағы есту қабілеті төмен жандарға арналған Мәдениет үйінде еңбек етіп келе жатқан суретші 40 жылдан астам уақыт бойы өнерге деген адалдығын жоғалтпай, өз ісіне шын берілгендігін дәлелдеп келеді.

– Қазір біз қызу дайындық үстіндеміз. Алда қойылым мен клоунада күтіп тұр, маған солардың бірінде басты рөл сеніп тапсырылды. Сонымен қатар драма үйірмесінде де екі басты кейіпкерді сомдаймын. Сондықтан қазіргі күндерім тек дайындықпен өтуде. Меніңше, біздің клуб – біз үшін ғана емес, барлық есту қабілеті төмен жандар үшін де екінші үйіміз іспеттес, – дейді Мәдениет үйінің қызметкері Александр Лапин.

Ұжымдағы әрбір әртіс өз талантымен дараланса да, көпшіліктің жүрегін жаулаған Александр Лапиннің орны ерекше.

– Бұл клубқа келетін көптеген есту қабілеті шектеулі адамдарды жақсы танимын және өз әртістерімді ерекше жақсы көремін. Солардың арасында Александр Лапинді ерекше атап өткім келеді, ол өте тамаша адам – позитивті, мейірімді, күннің нұрындай жарқын жан. Әрдайым жылы жүзбен, күлімсіреп жүреді, – деді халық театрының жетекшісі Людмила Петушева.

– Қарағандыдағы бұл Мәдениет үйінің 60 жылдан астам тарихы бар. Мұнда үш халықтық театр, өнер студиясы және «Меруерт» ән-би ансамблі қызмет етеді. Сонымен қатар клоунада, барабаншылар театры, бет қимыл және ишара театры секілді шығармашылық топтар жұмыс істейді. Әрбір өнерпаздың ерекше таланты бар, бұл орталық олардың шығармашылыққа деген ынтасын арттыра түседі, – дейді Әсет Әмірбеков.

– Көбінесе «мүмкіндігі шектеулі адамдар» деп айтамыз, бірақ бұл шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі емес адамдар. Олар қоғамға белсенді араласады, қатысады және арасында үлкен өнер иелері де бар. Жалпы кәсіби түрде жұмыс істемейді, бірақ жұмыстан кейін бос уақыттарын біздің Мәдениет үйінде өткізіп, шығармашылықпен айналысады. Олардың арасында тамаша әртістер, ымшылап өлең айтатындар, сондай-ақ талантты солистер де бар, – деп атаптті Мәдениет үйінің директоры Әсет Әмірбеков.

Өнер мен мәдениеттің киелі мекеніне айналған бұл мәдениет үйі – есту қабілеті төмен жандарды біріктірумен қатар, олардың қоғамдағы орны мен мәнін айқындап көрсететін бірегей орталық.

Айта кетейік, Ымдау тілдерінің халықаралық күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 2017 жылы ресми түрде бекіткен. Мақсаты – әлемдегі саңырау және нашар еститін адамдардың құқықтарын қорғау, ымдау тілдерінің мәдени және тілдік құндылығын насихаттау.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»