Сегіз спортшымыз әлем чемпионы атанды

Дене шынықтыру және спорт басқармасында осы күзде өткен Әлем Чемпионаттарының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Қарағанды облысының спортшылары дзюдодан ардагерлер арасындағы халықаралық біріншілікте, классикалық және жабдықталған зілтемірді жатып көтеру және гір көтеру спортында сегіз алтын медаль жеңіп алды.

2021 жылдың 21-24 қазан аралығында Португалияның Лиссабон қаласында дзюдодан ардагерлер арасында Әлем Чемпионаты өтті. «БЖСМ ОК» КМҚК жаттықтырушы-оқытушысы Дәурен Қожин мен «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаттықтырушысы Нәсіпқұл Тыныбаев өз салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.

22-31 қазан аралығында Литваның Вильнюс қаласында классикалық және жабдықталған штанганы жатып көтеруден әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыстарға 30 ел және екі бағыт бойынша 800-ден астам спортшы қатысты. Ардагерлер арасында 72 жастағы Дәрібай Оспанов жеңімпаз атанды. Дәрібай Қараманұлы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы және оның басты тәрбиеленушісі, ұлы — Қараман Абдулкарим, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

— Бұл жарыстарға мен бір жыл дайындалдым. Литвадағы чемпионатқа әлемнің түкпір — түкпірінен, 70 жыл ішінде юниорлардан бастап біз сияқты қарттарға дейін мыңға жуық спортшы жиналды. Мен екі рет әлем чемпионы атандым – жабдықта 145 келі, ал классикада 122,5 келіде. Шын мәнінде, бұл менің ең нашар нәтижем, себебі бұрын мен салмағы 180 келі болатын Қазақстанның рекордын орнатқан едім. Өкінішке орай, тамыз айында мен иық жарақатын алдым, сондықтан нәтиже мен күткендей болмады. Бірақ бұл жеңіс үшін жеткілікті дәреже болды. Біздің жас санатымызда бәсекелестер көп болған жоқ, — дейді Дәрібай Оспанов.

Облыстық кешенді мектептің 18 жасар тәрбиеленушісі Антон Марченко штанганы көтеруден әлем чемпионы атанды. Оның жаттықтырушысы — Караман Абдулкарим. Ол өзінің шәкіртін жақсы дайындап қана қоймай, өзі де әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, екі күміс медаль жеңіп алды.

— Бұл чемпионатта мен 50 келіге дейінгі санатта өнер көрсетіп, абсолютті әлем чемпионы атандым. Жаттықтырушыма және жарысқа дайындық пен сапарға көмек көрсеткендердің барлығына үлкен рахмет айтқым келеді. Мен үшін Чемпионат оңай өтті. Қазақстан жасөспірімдер арасында абсолютті біріншілікті жеңіп алды. Мен бұл спортпен 4 жыл көлемінде айналысамын. Бұл менің алғашқы әлем чемпионатым болды. Келесі жылы мен басқа санатқа ауысамын, бірақ барынша тырысып, әлі де талай жеңіске жетуді жалғастырамын, — деді Антон Марченко.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында алғаш рет 21-24 қазан аралығында Будапештте өткен гір спорты бойынша әлем чемпионатының төрт жеңімпазы анықталды. Бірінші орынға Қарағанды облысының гір спорты бойынша аға жаттықтырушысы Александр Комаров пен Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері — Роман Геросименко мен Игорь Эрзямкин, Юрий Брель ие болды.

— Біз әлем кубогының кезеңіне қатыстық және біздің үш спортшы 95, 85 және 78 келі салмақ дәрежелерінде алтын жеңіп алды. Мен алғаш рет әлем кубогы кезеңінің чемпионы атандым, ал жалпы менің тәжірибемде бірнеше чемпионат болды. Ол уақытта студенттер арасында алтын жеңіп алдым және кәсіпқойлар арасында бірнеше рет әлем вице-чемпионы болдым. Бұл спортпен 18 жыл айналысамын. Қазір жасым – 28-де, яғни өмірімнің көп бөлігін гір спортына арнадым. Менің ағам Александр Шмелев те Республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы және ағамның ізін жалғастырдым десем қателеспеспін. Спорттағы жетістіктерім менің жұмысыма да жақсы әсер етеді: мінезімді тәрбиелейді, қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді, — деді Александр Комаров.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»