Оқушылар қоқысты сұрыптап үйренді
Қарағанды облысында экологиялық тәрбиені дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында «Бөлу! Тапсыру! Қайта өңдеу!» бастамасы белсенді түрде жалғасуда. Бұл шараның басты мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қайта өңдеуге үйрету.
Атап айтқанда, Қарағанды қаласындағы №93 Шәкәрім Құдайбердиев атындағы гимназияның оқушылары қалдықтарды сұрыптау жөніндегі интерактивті сабаққа қатысып, қоқысты дұрыс бөлу және қайта өңдеу арқылы табиғи ресурстарды қорғау туралы тың ақпараттар алды. Оқушылар пластиктің қоршаған ортаға зияны туралы маңызды деректермен танысып, мысалы, пластикалық бөтелкенің толық ыдырауы шамамен 500 жылды қажет ететінін білді. Сабақ соңында барлық қатысушыға арнайы сыйлықтар табысталды.
Бұл экологиялық сабақтар бір уақытта Қарағандыдағы тағы да төрт мектепте өтіп, 200-ден астам оқушы қамтылды. Осылайша, жас буын арасында экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған танымдық шаралар кеңінен таралуда. Сонымен бірге, Қарағандыда «Экобатыр» экологиялық байқауы ұйымдастырылып, оған 33 мектептен оқушылар түрлі аталым бойынша бақ сынасты. «Instagram-дағы ең белсенді команда» секілді арнайы аталым да қарастырылды. Байқаудың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге қалдықтарды дұрыс сұрыптау және оларды қайта өңдеуге үйрету, макулатура мен пластикалық бөтелкелерді жинауға баулу. Байқау екі негізгі бағытта өтті: «Макулатураны жина – ағашты сақта!» және «Пластикті қайта өңдеу – планетаға ауа қажет!».
– Байқауға Қарағандыдан бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейінгі оқушылардан құралған мектеп командалары қатысты. Нәтижесінде, оқушылар барлығы 3 573,52 кг макулатура және 540,75 кг пластикалық бөтелке жинап, оларды қайта өңдеуге тапсырды. Жеңімпаз командалар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болады. Қазіргі уақытта байқау қорытындысы шығарылды, – дейді Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.
Экологиялық байқаудың ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, ал серіктестері – Қарағанды қаласының білім бөлімі және «ВторСырье Караганда» ЖШС. Мұндай шаралар балалардың экологиялық санасын қалыптастыруға, табиғатты қорғау саласындағы жауапкершілігін арттыруға септігін тигізуде.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»