Тазалық акциясы
Қала аумағында «Таза Қазақстан» науқаны жалғасуда. Осы жолы Жастар ресурстық орталығымен бірге Орталық саябақ аумағының сахна алаңы да назардан тыс қалмады.
«Таза Қазақстан» Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды науқан. Бұл бастаманы Қазақстан Үкіметі қолдап, негізгі мақсаты – табиғатқа қамқорлық жасап, оны қоқыстан тазарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау. Науқан барысында өзендер, ормандар, саябақтар және басқа да табиғи аймақтар тазартылып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру шаралары жүргізіледі. Қарағанды қаласы бойынша аталмыш науқан барысында 100-ден астам шара өткізілді.
– Біздің басты мақсатымыз – жастар арасында патриоттық сезімді насихаттау, дамыту. Сонымен қатар табиғатымызды аялау, – деп атап өтті Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов.
Бұл күні Қарағанды қаласының орталық саябағын тазалау үшін 150-ден астам ерікті атсалысты. Оның ішінде колледж, Жоғарғы оқу орындарының студенттері де бар. Бұл науқан қараша айының ортасына дейін жалғасын таппақ.
– Қараша айында қала бойынша 3 науқан өткізіледі. Оның барысында біз ағаштар отырғызатын боламыз. Бұл – 400 ағаш. Әзірге қай жерлерге екені белгісіз, алайда, қандай ағаштар екенін анықтадық. Теректер мен қайыңдар, – деді Якуб Джамалов.
Бұл науқанға №1 балалар өнер мектебінің 10 оқушысы қатысып, еріктілерге арнап сурет салды. Жас суретшілер өздерінің туындыларында «Таза Қазақстан» республикалық науқанын бейнелеп, шараны қылқаламмен жеткізді.
– Бізді шақырғанына өте қуаныштымыз. Қуана-қуана шараға қатысып жатырмыз. Ылғи қолдап жүреміз. Балалар еріктілерді өз туындыларында салды, – дейді №1 балалар өнер мектебінің директорының орынбасары Марьяна Макеева.
Орталық саябақтың аумағын ретке келтіру «Таза Қазақстан» аясында алғаш рет орын алып отыр. Саябақ әкімшілігі мұндай ауқымды шара барысында қаламыздың бас саябағының ұмыт қалмағанына дән риза.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»