МӘМС мүмкіндіктері

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру негізінде ел азаматтары тісін тегін емдете алады. Ол үшін тұрғын шартта көрсетілген санаттың біріне сай келуі керек. МӘМС арқылы тісін тегін емдете алатын азаматтар санаты:

  • Балалар (шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар);
  • Жүкті әйелдер;
  • Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
  • 1, 2, 3-топтағы мүгедектер;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар;
  • Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер;
  • Жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;
  • Ерекше бала күтімімен отырған жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар жоспарлы стоматологиялық көмекті ақысыз ала алады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру есебінен көрсетілетін стоматологиялық емдеу шаралары бекітілген. Олар: тұрақты тексеру, профилактикалық процедура, тісжегіні емдеу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломба дайындау және салу.

Аталған жүйе бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 6-12 жас аралығындағы балалар ортодонтиялық емді де ақысыз түрде алуға мүмкіндігі бар.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»