440 адам травматологияға түскен

Шілденің 8-і күні Қарағанды облысында зардап шеккендер санының күрт көбеюіне байланысты жедел брифинг өтті. Тұрғындардың қарапайым жол ережесін, қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан оқыс жағдайлар мен қайғылы жағдайлар орын алды. Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың ахуалдық орталығы меңгерушісінің сөзінше, зардап шеккендердің 37%-ы бала. Бұл – балалардың ересектердің қарауынсыз қалғанын білдіреді.

– Бүгінгі күн денсаулық сақтау жүйесі мен дәрігерлер үшін ең ауыр күн болды. Бір тәуліктің ішінде 440 адам травматолог көмегіне жүгінген. Олардың 36-сы ауыр жарақатпен стационарлық емдеуге жатқызылды. Көмекке жүгінгендердің 19-ы жол апатынан зардап шеккен. 205 адам көше жарақатымен медициналық көмекке жүгінген. Олардың үштен бірі – ересектердің бақылауынсыз қалған балалар, – дейді Ерік Шонбаев.

Қарағанды – Ботақара, Молодежный, Осакаровка жолдарында бірнеше апат орын алып, адамдар ажал құшқан. Майқұдықта 4 жастағы бала үйдің төртінші қабатының терезесінен құлаған, қазіргі жағдайы өте ауыр. Балаларымыздың қауіпсіздігіне жауапты екенімізді ұмытпайық.

– Өзіңізге, жақындарыңызға абай болыңыз. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, қазір қыс емес, көктайғақ жоқ. Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз. Артқы орындықта жолаушылар болса, оларды бекітіңіз. Әйтпесе сапардан бас тартыңыз, қылмыс жасамаңыз. Адамдардың өлуіне жол бермеңдер, – деп қорытындылады Ерік Шонбаев.

Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,

«QH»