Зияткерлік дода: Қарағанды облысының үздік оқушылары анықталды

Қарағанды облысында мектеп түлектері арасында дәстүрлі «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынының өңірлік кезеңі өтті. Білім бәсекесінде 11-сыныптың ең дарынды оқушылары өзара сынға түсіп, республикалық кезеңде аймақ атынан шығу мүмкіндігін саралады.

25 жылдық тарихы бар тележобаның басты мақсаты – білімді, жан-жақты әрі мақсаткер жастарды қолдау, оларды ел болашағының көшбасшысы болуға ынталандыру. Байқау үш кезеңнен тұрады: мектепішілік, облыстық және республикалық.

Биыл өңірдегі ауылдық, қалалық және мамандандырылған мектептерден екі мыңнан астам жоғары сынып оқушысы іріктеуге қатысқан. Соның ішінен 90-нан астам оқушы облыстық кезеңге жолдама алды.

Шахтинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы гимназияның оқушысы Дмитрий Шапкин байқаудың маңызын ерекше атап өтті.

– Мұндай сайыстар білімге деген қызығушылықты оятып, өз-өзіңді дамытуға үлкен серпін береді. Бұл – өз қабілетіңді сынауға тамаша мүмкіндік. Арнайы дайындалмасам да, өткен жылдардағы бағдарламалармен алдын ала танысып шықтым, – дейді ол.

Қатысушылар 60 тест сұрағына жауап берді. Биология, география, Қазақстан тарихы, физика секілді пәндерді қамтыған тапсырмалар логикалық ойлау қабілетін де бағалады.

№ 88 мектептің оқушысы Виктория Устименко сұрақтардың күрделілігін атап өтті.

– Тест жан-жақты болды. Тек мектеп бағдарламасындағы білім емес, жалпы дүниетаным мен логикаға арналған тапсырмалар да кездеседі. Мен үшін ең қиыны — физика болды, – дейді ол.

Өңірлік кезеңді облыстың білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Орталық әдіскері Балжан Салауатовтың айтуынша, екі тур қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған бес оқушы республикалық кезеңге қатысады.

Финал 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында Алматы қаласында өтіп, «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Республикалық кезеңге жолдама алғандар:

Дмитрий Шапкин – Шахтинск қ., Ш. Уәлиханов атындағы гимназия

Жанбота Ошақбай – Нұра ауданы, М. Жұмабаев атындағы мектеп

Дәрмен Тұрсын – Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты

Науаф Армия – Жамбыл атындағы мектеп-лицей-интернаты

Зере Еркін – Саран қ., Абай атындағы мектеп

Бұл жас зияткерлер алдағы республикалық додада Қарағанды облысының білімді, талапты ұл-қыздарының деңгейін көрсетеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»