Жылу маусымына дайындық қалыпты

Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық штаттық режимде өтуде. Бүгінгі күні қажетті іс-шаралар орташа есеппен 93,3%-ға орындалды.

2022 жылғы 17 қыркүйекте ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзінде 2022 жылғы 8 айда Қарағанды облысы бойынша 7,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілгенін және тұтынудың оң теңгерімі байқалғанын атап өтті.

Облыстың электр станцияларының белгіленген электр қуаты – 2 319 МВт, қолда бар электр қуаты – 1 921 МВт.

Өңірді негізгі жылумен жабдықтау көздері: 2-ЖЭО, 3-ЖЭО және басқа жылумен жабдықтау объектілері. Олардың жиынтық белгіленген қуаты – 2,4 мың Гкал/сағ, ал қолда бар қуаты – 1,8 мың Гкал/сағ.

ҚР Энергетика министрінің ақпараты бойынша, Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық штаттық режимде жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралардың орындалуы жоспарға сәйкес 90% болған кезде, орташа есеппен 93,3% орындалды.

– Сондай-ақ өңірде жаңартылатын энергия көздері технологиясын қолдану арқылы энергия өндіру белсенді дамып келеді. Бүгінгі таңда жиынтық қуаты 218,7 МВт 7 ЖЭК объектісі жұмыс істеп тұр, соның ішінде қуаты 216 МВт болатын 4 күн электр станциясы және қуаты 2 МВт болатын 2 биоэлектр станциясы, қуаты 0,6 МВт болатын 1 гидроэлектр станциясы бар, – деп түйіндеді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Өз тілшімізден