Жылу электр орталықтарының мұржалары тексеріледі

Қарағанды облысында жылу электр орталықтарындағы мұржалар жаппай тексеріледі. Петропавлда болған апаттан кейін орталық басшыларына осындай міндет жүктеліп отыр. Қарағанды облысында барлығы 9 жылу-энергия орталығы бар. Олардың басым көбі жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбековтің айтуынша, өткен күзгі- қысқы кезеңде елеулі технологиялық бұзушылықтар болмаған. Жылудың жеткіліксіз болған жайттары жабдықтардың қанағаттанарлықсыз жағдайымен байланысты. Келесі жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін жылу нысандарының иелері жаңғырту мен жөндеуге 22 млрд. теңге бөледі.

— Сегіз станцияда 17 қазандық пен 9 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 32 қазандық пен 22 турбинаның ағымдағы жөндеуі кеңейтілді. Осы жылдан бастап Жезқазған ЖЭО-да бір қазандық және Топар ЖЭО-да бір турбина ауыстырылады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған, — деді Нұржан Нақыпбеков.

Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы жылу көздерінің басшылары есеп берді. Кестеге сәйкес, барлық ЖЭОда жөндеу жұмыстары осы айда басталады.

— Біз қандай қиын жағдайда жұмыс істесек те, тұрғындар жылу беру кезеңінде сапалы қызмет алуы тиіс. Биылғы жылды аяқтаймыз. 15–20 күн қалды. Келесі жылдың жылыту маусымына барынша дайындалуымыз керек. Жақсы ойластырылған жөндеу науқаны қажет, — деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы энергия бақылау департаментіне жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды, ал ЖЭО басшыларына барлығын мерзімінде бастауды және жабдықтардың уақытылы жеткізілуін тапсырды.

— Мысалға алсақ , 100 метрлік мұржаны толық тексеріп шығуға 2 апта уақыт кетеді. Онда мұржаның бір бөлігін ойып алып, техникалық жағдайын толық тексеруге болады. Сараптамаға жіберіліп, қосымша бақылау жүргеннен кейін барып техникалық қорытынды беріледі. Жалпы алғанда, 1 ай мерзім кетеді, — деді облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин.

Расул МҰХАММЕД

«QH»