Жыл ұстазы таңдалды
Қарағанды облысында «Жыл мұғалімі – 2022» өңірлік байқауының қорытындысы шығарылды. Финалда үздік педагог атағы үшін барлығы тоғыз мұғалім сынға түскен болатын. Бас жүлде Балқаштан келген ағылшын тілі мұғалімі Гаухар Қуанышбаеваға бұйырды.
Байқау үш кезеңде өтті. Біріншісінде қатысушылар қазылар алқасына өздерінің жетістіктерін ұсынды. Оның қорытындысы бойынша екіншісі турға ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізген 34 педагог өтті. Оның ішінде тоғыз адам финалға жолдама алды.
Қорытынды турда байқауға қатысушылар қазылар алқасына өздерінің визит карточкаларын шығармашылық нөмірлер түрінде ұсынды және зияткерлік сұрақтарға жауап берді.
Байқаудың бас жүлдесін Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің 27 жастағы ағылшын тілі мұғалімі Гаухар Қуанышбаева жеңіп алды. Модератор мұғалімнің педагогикалық өтілі алты жыл.
– Мен мектеп жасымда мұғалім мамандығын таңдадым. Мені бастауыш сынып және ағылшын тілі мұғалімдері шабыттандырды, – дейді Гаухар Қуанышбаева. – Мен жасаған таңдауыма өкінбеймін. Балалармен жұмыс өте жауапты. Оларға өз білімімді жеткізуге, дағдыларды сіңіруге және тұтастай жұмысыма берілгендіктің үлгісін көрсетуге тырысамын. Осы жылдың жазында Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп, пандемия кезінде оқушылар мен әріптестеріме арналған YouTube-арнаны іске қостым. Болашақта магистратураға шетелдік жоғары оқу орнына түскім келеді. Өйткені, мұғалімдер үнемі өзін-өзі тәрбиелеумен айналысып, жаңа білім алуы керек.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының математика мұғалімі Нұрдәулет Абылайға берілді. Жас маман мектепте бес жыл жұмыс істейді. Ол облыстық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
– Байқау өте қызықты өтті. Барлық қатысушылар лайықты, нағыз кәсіпқойлар. Мен көптеген жаңа нәрселерді білдім, одан әрі жұмыс істеу үшін мотивация алдым, – деп атап өтті Нұрдәулет Абылай. – Менің мақсатым – оқушыларымды білімге ынталандыру, өйткені бұл мұғалімнің ең басты міндеті. Мотивация алғаннан кейін, олардың біреуі болмасын біреуіде мұғалім мамандығын таңдауы мүмкін.
Байқауда екінші орынға «Білім инновация № 2» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арай Абдрахманова ие болды.
Үшіншісі № 1 Теміртау классикалық лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Мининковаға берілді.
Сондай-ақ, ең белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтар мен номинацияларға ие болды. Бұл Саран қаласының Абай атындағы ОМ Ағылшын тілі мұғалімі Әйгерім Түркенова. Ол Азамат Рамазанұлы атындағы арнайы грантқа ие болды. Ал № 4 арнайы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Сақбаева «Үздік үй тапсырмасы» номинациясының иегері атанды. «Үздік сыныптан тыс іс-шара» санатында Приозерск қаласының № 1 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Назира Шакетова жеңіске жетті. «Үздік сабақ» номинациясының иегері Шет ауданы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гаухар Жаңабекова болды. «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясын Абай ауданы Абай Құнанбаев атындағы № 5 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Жұмакелді алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Жыл мұғалімі – 2022» дәстүрлі облыстық байқауы биыл алтыншы рет өтті. Ол мұғалімдердің имиджін арттыруға, оларды жаңа білім мен өзін-өзі тәрбиелеуге ынталандыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталған.