Жыл басынан кәсіпорындарда 47 адам қаза тапты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірістік жарақат алу есебіне талдау жүргізді. Ведомствоның мәліметінше, жағдайлардың 36 пайызында негізгі себеп — зардап шеккендердің өрескел абайсыздығы. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев мәлімдеді.

— Өткен жылы еліміздің кәсіпорындарында 1 467 адам зардап шекті, бұл 2020 жылға қарағанда 2,4 %-ға аз (2020 жылы — 1 503 адам), оның ішінде 200 адам қаза тапты, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 3,8 %-ға төмен (2020 жылы — 208 адам). Осы жылдың 3 айында еліміздің кәсіпорындарында 313 адам зардап шекті, оның ішінде 47 адам қаза тапты. Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығы (35,7 %); жұмыс өндірісінің дұрыс ұйымдастырылмауы (23,5 %); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларының бұзылуы (9 %); автожол қозғалысы қағидаларының бұзылуы (9,5%), — деді Нұрғалиев ОКҚ онлайн брифингінде.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов жергілікті еңбек инспекциясы органдары шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорында тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

— Егер өткен жылғы тексеру нәтижелері туралы айтатын болсақ, тоғыз айдың қорытындысы бойынша өндірісте жазатайым оқиғалардың саны жоғары болғанын анықтауға болады. Осыны ескере отырып, біз прокуратура органдары арқылы кәсіпорындарды тексеруге бастамашылық жасадық. Бас прокуратура анықтаған фактілер бойынша біз міндетті түрде шара қабылдаймыз. Өкінішке қарай, заң бұзушылық және жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері бар, — деді ол.

Сонымен қатар Ербол Нұрғалиев өткен жылы жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде сақталғанын да атап өтті, нақты айтқанда: Қарағанды (238 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (204 адам), Ақтөбе (107 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам) облыстары және Алматы қаласы (107 адам).

— 2021 жылдың қорытындысы бойынша, бұзушылықтарға жол берген 56 тұлға лауазымынан босатылды, мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына 1 088 материал жіберіліп, 127 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жағдайын бағалау мақсатында жұмыс орындарында 5 371 өндірістік нысан аттестатталды, — деді ЕӘҚКК басшысы.

Т. Оспанқұлов бүгінгі таңда Еңбек кодексінде жазатайым оқиғаларды жасыру өте қиын болатын норма жазылғанын еске салды.

— Осы жағдайды ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жұмыс беруші әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер кәсіпорында адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға орын алса, бұл жағдайда жұмыс беруші тарапынан бұзушылықтар анықталған кезде, оны 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге дейін қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін. Егер екі немесе одан да көп адам қайтыс болса, онда 7 жылға дейін. Бұл тұрғыда жауапкершілік қарастырылған, — деді Төлеген Оспанқұлов.

Айта кетерлігі — экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында (19,1 %) және құрылыс саласында (11,3 %) байқалады.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»