Жолдағы тәртіп – баршамызға ортақ

Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «BIKE SESSION NEO NOMADS» атты ауқымды мотошара ұйымдастырылды. «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттауға бағытталған бұл бастама жастардың басын қосып, жол қауіпсіздігі мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды көздеді. Іс-шараға елордадан келген ULYS NOMAD және Қарағандыдағы Chingizkhan мотобірлестіктерінің мүшелері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар қатысты. Шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы өткізді.

Мотошараның негізгі мазмұны – көлік жүргізу мәдениетін арттыру, жол қозғалысы ережелерін түсіндіру және төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын кеңінен насихаттау болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба тек мотоцикл әуесқойларын біріктіретін алаң ғана емес, сонымен қатар еркіндік пен қозғалысқа деген қызығушылықты жауапкершілікпен ұштастыруды үйрететін маңызды әлеуметтік бастамаға айналып отыр.

Шара барысында Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова жастар арасында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

– Бүгін біз заң мен тәртіп қағидаттарын кеңінен түсіндіруге басымдық беріп отырмыз. Соңғы жылдары жастардың екі дөңгелекті көлікке қызығушылығы айтарлықтай артты. Сондықтан жолда жүру мәдениетін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы әркім өз өмірін ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді, – деді ол.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне Қарағанды облысы прокуратурасының өкілі Құттыбек Байдильдин де тоқталды. Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелерін сақтау – әр азаматтың тікелей жауапкершілігі, ал мұндай кездесулер жастарға заң талаптарын түсіндіруде тиімді құрал болып отыр. Ал ULYS NOMAD мотобірлестігінің жетекшісі, кәсіби медиатор Серік Щеглов өңірдегі қолдаудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Қарағанды облысы жаңа жобаларды жүзеге асыруда әрдайым белсенділік танытады.

– Бұл бастаманы жүзеге асыруға өңір басшылығы қолдау білдірді. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей біздің идеямызды қолдап, осындай ауқымды шараны дәл осы өңірде өткізуге мүмкіндік жасады, – деді ол.

Кездесу барысында спикерлер жол-көлік оқиғасы кезінде дұрыс әрекет ету, жарақаттың алдын алу, зиянды әдеттерден бас тарту, сондай-ақ қауіпсіз саяхат мәдениеті туралы кеңінен әңгімеледі. Барлық ақпарат қатысушыларға түсінікті тілде жеткізіліп, нақты мысалдармен толықтырылды. Шара тек танымдық бөліммен шектелмей, ашық форматта өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары заманауи мотоциклдердің көрмесін тамашалап, естелік суретке түсіп, музыкалық бағдарламаны тамашалады. Мұндай еркін алаң қатысушылардың бір-бірімен жақын танысып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Мотошараның басты ерекшелігі – теория мен тәжірибені ұштастыруында. Қатысушылар түрлі өмірлік жағдайларды талқылап, жол үстінде кездесетін қауіп-қатерлерге қалай әрекет ету керектігін бірге саралады. Бұл өз кезегінде жастардың жауапкершілігін арттырып, мотомәдениеттің қауіпсіз бағытта дамуына ықпал етеді. Осындай жобалар арқылы қоғамда жол қауіпсіздігіне деген саналы көзқарас қалыптасып, заң мен тәртіпке негізделген мәдениет нығая түседі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»