Жолбарыс шөнжіктеріне есім берілді

Қарағанды хайуанаттар бағында дүниеге келген Амур жолбарысының егіз шөнжіктеріне ресми түрде есім берілді. Бұл туралы Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара барысында жарияланды.

Жолбарыс төлдеріне ат қою үшін хайуанаттар бағы әлеуметтік желілерде арнайы байқау ұйымдастырған. Тұрғындар бастамаға белсенді қатысып, 300-ден астам есім нұсқасын ұсынған. Дауыс беру нәтижесінде ұрғашы шөнжікке Киара, ал еркегіне Муфаса есімі таңдалды. Бұл атаулар көпшілікке танымал мультфильм кейіпкерлерінің есімдері болғанымен, байқауға қатысушылардың пікірінше, жолбарыс төлдеріне өте үйлесімді.

Хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекованың айтуынша, мұндай шаралар келушілердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, балалардың шығармашылығын қолдауға мүмкіндік береді.

– Біз хайуанаттар бағы тек жануарларды тамашалайтын орын ғана емес, танымдық әрі мәдени шаралар өтетін орта болғанын қалаймыз. Осыған орай Ұлттық домбыра күні қарсаңында жас домбырашылар арасында онлайн байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды марапаттадық. Сонымен қатар тұрғындардың қатысуымен жолбарыс шөнжіктеріне есім таңдау байқауын өткіздік. Ұсыныстар өте көп болды, сондықтан таңдау жасау оңайға соққан жоқ. Арнайы комиссия барлық нұсқаларды қарап шығып, Муфаса мен Киара есімдеріне тоқталды. Байқауға белсенді қатысқан барлық тұрғынға алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Қазіргі уақытта жолбарыс шөнжіктерінің жағдайы жақсы. Мамандардың айтуынша, төлдер қарқынды өсіп, анасымен бірге қоршауда еркін тіршілік етіп жүр. Олар біртіндеп өз бетінше қозғалып, жаңа ортаға бейімделе бастаған. Келушілердің де ерекше қызығушылығына ие болған қос шөнжік бүгінде хайуанаттар бағының ең көп тамашаланатын жануарларының біріне айналған.

Хайуанаттар бағы басшылығының мәліметінше, алдағы уақытта жолбарыстардың біреуі Қарағандыда қалдырылып, екіншісі басқа хайуанаттар бағымен алмастырылуы мүмкін. Бұл сирек кездесетін жануарлардың генетикалық қорын сақтауға бағытталған халықаралық тәжірибенің бір бөлігі.

Амур жолбарысы – әлемдегі ең ірі әрі сирек кездесетін жыртқыштардың бірі. Ол Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан бұл түрдің әрбір төлі табиғатты қорғау және популяцияны сақтау тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Айта кетейік, биыл Қарағанды хайуанаттар бағында көптеген жануар төлдеді. Амур жолбарысынан бөлек, жылқылар, түйелер, шетленд понилері, еуропалық бұғылар, камерун ешкілері және басқа да жануарлардың саны көбейді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта хайуанаттар бағында тағы да жаңа төлдердің дүниеге келуі күтілуде.

Ералы ҒАНИ,

«QH»