ЖОЛ САПАСЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ
Аппараттық жиналыста жол мәселесі де ортаға салынды. Өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаев жауаптыларға жол сапасын бақылауды тапсырды.
Қарағанды облысында ауқымды жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар мың шақырымнан астам трассаны жөндеу жоспарланып отыр. Өңір басшысы бейінді ведомство басшыларынан кабинетте отыра бермей, әр учаскедегі жұмыс сапасын бақылауды қадап тапсырды.
Аппараттық жиналыс барысында облыс әкімі жөндеуден кейін ауыр жүк таситын көліктер бұзатын жолдарға ерекше екпін берді. Бұған тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар – айқын дәлел.
– Біз бір қолымызбен жасаймыз, екінші қолымызбен бұзамыз! Бұған жол бермеу керек. Қалалар мен аудандардың әкімдері, бұл – сіздердің жауапкершілік, сіздерден сұраймын. Көлік және автомобиль жолдары басқармасы, кабинеттерде отырудың қажеті жоқ! Жолдарды барлық қызметкер араласын. Далада жұмыс жасаңыздар және көлік инспекциясы әрі полициямен бірге бақылаңыздар. Бұл жолдар мейлі республикалық, облыстық немесе қалалық болса да. Ол маңызды емес, барлығын тексеріңіздер. Оның барлығы бізге қарайды, біздің тұрғындар сол жолмен жүреді, – деді Ермағамбет Бөлекбаев.
Өңір басшысы Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Ол барлық жол құрылысы жобалары мерзімінде және сапалы іске асырылуы тиіс екенін анықтап айтты.
Биыл 461 шақырым республикалық автожолдарды жөндеу жоспарланған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының өкілі Қазақстанның «Даму Банкінің» қарыздық қаржыландыруы бойынша трассалардың проблемалық учаскелерін Павлодар, сондай-ақ «Нұра – Астана» бағытында қабылдайтынын хабарлады.
Оның айтуынша, қазір осы жобалар жөнінде конкурс жүргізілуде. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов облыстық маңызы бар 178 шақырым автожол жөнделіп жатқанын жеткізді.
Ал Абай ауданында «Жартас – Долинка» жолының учаскесін қайта жаңарту жалғасып жатыр. Ұзындығы 9 км «Үштөбе – Құрылыс» автожолының учаскесін қайта жаңарту басталды.
Ұзындығы 19 км «Саран – Шахтинск» автожолын күрделі жөндеу жалғасады. Қалалар мен аудандарда 393 шақырым автожол жөнделеді. Облыс орталығында жөндеу жұмыстарымен 143 км қамтылған. Жол жабынының сапасы мен беріктігі үшін жаңа технологиялар мен материалдар пайдаланылады.
Қарағандыда алғаш рет бутаналь типіндегі арнайы полимер қолданылды. Ол жоғары температурада асфальттың икемділігін айтарлықтай жақсартады. Биыл облыста 32 асфальтбетон зауытына зерттеу жасалды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»