«Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» форум 15 мыңға жуық жастың басын қосты
Бүгін Қарағанды облысында прокуратураның бастамасымен әкімдіктің қолдауымен, экономикалық тергеу және полиция департаменттерінің қатысуымен оқу жылының басталуына арналған «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» тақырыбындағы жастар форумы өтті.
Форум жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Ішкі істер министрлігінің Комитет төрағасы Арманов Саданов, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Ануар, Экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттау аясында өткізіліп, жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қабылданатын шешімдерге деген жауаптылық сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Форум жоғары және арнайы орта оқу орындарының 15 мыңнан астам студенттерін біріктірді (офлайн және онлайн форматта).
Қатысушыларға есірткі таратуға, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлікке тартылған жастардың өмірлік оқиғалары көрсетілді. Тәртіп сақшылары нақты мысалдар арқылы асығыс жасалған қадам немесе тез ақша табуға деген ұмтылыс ауыр құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсіндірді.
Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген облыс прокуроры цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, қылмыстың алдын алуда заманауи тәсілдерді талап ететін жаңа сын-қатерлерді де туындататынын атап өтті.
Форум аясында прокуратураның бастамасымен Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде «Болашақ прокурор аудиториясы» ашылды. Ол прокуратура органдарының қызметі туралы тақырыптық стендтермен және ғылыми әдебиеттермен жабдықталған. Мұнда прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерінің қатысуымен «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар өтетін болады.
Форум ашық және интерактивті форматта өтті. Сарапшылардың баяндамаларынан басқа, студенттермен ойындар, сұхбаттар және панельдік сессиялар ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар нақты сұрақтарды талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.
«Заң мен тәртіп» – бұл тек мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың күн сайынғы саналы таңдауы. Құқықтық мәдениет пен жауапты қоғам дәл осындай таңдаудан басталады.
Қарағанды облысының прокуратурасы

