Жол құрылысы қашан аяқталады?

Қарағанды мен Балқаш арасындағы автобан құрылысының қазіргі уақытта 70 проценті аяқталды. 2023 жылдың соңына таман 4 жолақты күрежол түгел тапсырылуы тиіс. Бұл туралы өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Президент құрылыстың баяу жүріп жатқанын сынға алып, кестеден ауытқымауды тапсырды. Мердігерлер белгіленген мерзімде үлгере ме?

Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын бұл күрежолдың құрылысы 2019 жылы басталды. Әзірге екі аралықтағы 363 шақырым жолдың тек 270 шақырымы дайын. Жоба жетекшілерінің айтуынша, соңғы екі жыл бойы карантиндік шектеулерге байланысты мұнда құрылыс қарқыны анағұрлым саябырлаған. Жан-жақтағы мамандар мен техниканы жеткізу оңайға соқпапты. Ол аздай, материал тапшылығы да қол байлаған.

2021 жылы құрылыс материалдары күрт қымбаттап, қиындық туғызды. Қаржы тапшылығы сезілді. Себебі бұл жоба 2016-2017 жылдары жасалған. Сол кездегі сметалық құжаттарда баға тек 2017 мен 2020 жылдардың аралығындағы инфляцияға сәйкестендірілген, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры Сырым Хамзин.

Жобаның әу бастағы құны 248 миллиард теңге. Алайда онан бергі 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны шамамен 30 процентке өскен. Енді мердігерлер қосымша қаражат сұрап отыр. Бірақ өтініш орындала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Қазір біз жұмысты тоқтатпау үшін өз қаржымызды құйып жатырмыз. Кейін сметалық құжаттар қайтадан жасалып, жұмсалған ақша түгел қайтарылады деп сендірді. Соны күтіп отырмыз. Жоба бойынша, келесі жылы жолды тапсыруымыз керек. Ол үшін қаншама техника, жұмыс күші керек. Ерте көктемде жұмысты бастап кету үшін қыс айларында барлығын сайлап қоюымыз қажет. Барлығы ақшаға тіреледі, – дейді мердігер компанияның үйлестірушісі Әли Четкин.

Айта кету керек, еліміздің көлік логистикасы үшін аса маңызды бұл ірі жобаны қазір шетелдік бас мердігер және 3 қосалқы мердігер жүзеге асырып жатыр. Құрылыс жұмыстары 8 учаскеге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін айналма жол 8 шақырымға қысқарыпты.

Асыл АЙБЕК,

«QH»