Жол апаты жиіледі

Шілде айы басталғалы бері облысымызда жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш – көп жылдан бері қайталанбаған антирекорд. Сондықтан тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерін барынша сақ болуға шақырады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 шілде күні сағат 3:20 шамасында Қарағанды облысының Шет ауданында «Алматы – Екатеринбург» тасжолында «MAN» және «Mercedes Sprinter» микроавтобусының қақтығысу оқиғасы болды. «Mercedes Sprinter» автокөлігінде 17 жолаушы болған. Олардың жетеуі оқиға орнында, бір адам ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Ал тоғыз жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа «Mercedes Sprinter» автокөлігін тізгіндеген азаматтың ұйықтап кетуі себеп болуы мүмкін. Аталған факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Ай басталғалы бері жол-көлік оқиғасынан 224 адам зардап шегіп, 64 азамат ауруханаға жатқызылыпты.

– Апат өте көп болып кетті. Статистикаға қарап тұрып жан түршігеді. Әдетте бір айда болатын жағдай кей кезде 1 күнде болып жатады. Оның үстіне, олар бірінші кезекте бізге жеткізіледі. Жарақаттары өте ауыр болып жатады. Халықты қанша ақпараттандырып жатса да, біз қайғылы оқиғалардың куәгері болып отырмыз. Соңғы уақытта ауруханаға аса ауыр халде жеткізілген 35 адамның 11-і ауруханада жан тапсырды. Олардың жағдайлары аса ауыр болды», – дейді Облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі Ерік Шонбаев.

Адам өліміне соқтыратын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты Облыстық полиция департаменті көлік жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдықты шектен тыс асырмауды, алыс жолға шыққанда тынығып алуларын ескертеді.

Расул МҰХАММЕД,

«QН»