Жезқазған тұрғындары сапасыз су ішіп отыр

Жезқазған қаласының тұрғындары 60 жыл бойы ауызсудың зардабын тартып келеді. Себебі олар тіршілік нәрін ашық жатқан Кеңгір суқоймасынан алады. Оның сапасы сын көтермейді. Ал жерасты су көздерінен тартылған құбырлардың әлдеқашан тоз-тозы шыққан. Өткен жылдың қазан айында өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев осы мәселені жедел түрде шешуді тапсырған болатын. Содан бері не өзгерді, қандай жұмыстар қолға алынды. Рет-ретімен баяндап көрейік.

Мысты шаһардың 91 мың тұрғыны тәулігіне шамамен 30 миллион текше метр су тұтынады. Соның 60 проценттен астамы — Кеңгірдің суы, қалғаны Айдос- Үйтастан келеді. Яғни тоған суы мен жерасты суы әуелі гидроцехта араластырылып, кейін сүзгіден өткізіліп қалаға беріледі. Бірақ қардан жиналған қарғын судың сапасы қайдан жақсы болсын, оның үстіне, оны тазартатын мекеменің өзі бүгінде әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Қысқасы, Айдос- Үйтас жерасты су көздерінен тартылған құбырды жаңаламай, бұл мәселе шешілмейді. Ал оған қыруар ақша керек. Сонау 1967 жылы салынған бұл 70 шақырым құбырдың бүгінде әбден тозығы жеткен. 2013–2020 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен 26 шақырымы ауыстырылған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Тек толық жаңартылған жағдайда ғана қаланы таза құдық суымен қамтамасыз етуге болады. Ал қазір қысымды сәл көтерсе, ескі құбырлар жарылып кетеді екен. Осылайша қалаға қажетті судың тек үштен бір бөлігі ғана жеткізіліп отыр. Қалғанын, амал жоқ, Кеңгір қоймасынан алуға тура келеді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, әзірге бұл шаруаны ретке келтіретін қаржы көздері табылмай тұр. Қазір мұнда Қожамсейіт жобасы да қолға алынды. Ол жерден де жерасты суын тарту жоспарда. Бірақ қаржы қолбайлау болып отыр. Есесіне биыл суды тазартатын кәсіпорын мен оған қарасты нысандар түгелдей жаңартылады екен. Негізі, мұнда 2017 жылға дейін жаңа гидроцех салыну керек болатын, бірақ ақша бөлінбеген соң, тоқтап қалған. Қазір қайтадан қолға алынды. Үш кезеңнен тұратын бұл жоба үшін республикалық бюджеттен 4,4 миллиард теңге қарастырылған. Бес бірдей су резервуары, сүзгілер, қондырғылар түгел ауыстырылып, гидроцех жаңа технологиямен жұмыс істейтін болады. Мамандар мембраналық су тазарту технологиясының көмегімен ауызсудың сапасы анағұрлым артады деп отыр. Бұрынғыдай хлор, түрлі реагент мүлде қосылмайтын болады. Бұған қоса «Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша Жезқазғандағы қалаішілік 219 шақырым құбырды ауыстыру жұмыстары басталып кеткен. Қазір ауқымды шаруаның 75 пайызы аяқталыпты. Әкімдіктегі мамандардың сөзіне сенсек, 2023 жылы қала толықтай жаңа су желісіне қосылады. Бұл да ауызсудың сапасын жақсартуға сеп болмақ.

Асыл АЙБЕК,

«QH»