Жетістікке жету жолы

Қазақ әйелдерінің қайталанбас ерекшелігі – отбасы құндылықтарын берік сақтай отырып мансап жолында да биік белестерге қол жеткізеді. Бұл терең әрі нақты айтылған ой – Айжан Қазимирқызы Қиясова үшін қайталанбас қағида. Мамандығы құқық саласына қатысты болса да, бұл кісі барлық қоғамдық жұмысқа қатысып, белсене атсалысып жүреді. Мамандығынан бөлек атқаратын жұмыстары да едәуір.

– Сәлеметсіз бе! Айжан Қазимирқызы, бізбен сұхбаттасуға келіскеніңіз үшін көп рақмет! Қазіргі таңда елімізде құқық саласында іске асырылып жатқан реформалар жайлы не ойлайсыз? Бүгінгі құқықтық саясаттың іске асырылу барысы қалай?
– 2022 жылы әуелі Президент жолдауларынан басталып, одан кейін сайлау кезінде керекті көп ереже айтылған болатын. Құқық саласына, рас, үлкен өзгерістер керек. Ең бірінші, Президент жолдауында айтылғандай, сот атқару саласында біраз өзгеріс болу керек. Бұл енді – былай айтқанда, сондай тығыз, сарапшылар арасында жүретін әңгіме. Ал енді халықты құқықтық салада өтіп жатқан реформалардан қандай сұрақтар мазалайды, қандай жаңа бағыттар бар десеңіз, онда экономика болсын, әлеуметтік желі жүйесінде болсын өтіп жатқан өзгерістердің бәрі құқықтық негіз алмай, оларға әсер етпей тұрмайды. Өйткені әрбір саланы өзгерту үшін, ең бастысы, заңдарға өзгеріс енгізу керек. Енді қазіргі атқарып жатқан жұмысыма келетін болсам, қазір отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы біраз шара атқарылып жатыр. Мұны өзгеріс ретінде заңдарға да кіріп жатыр деуге болады. Екіншіден, қазір бізде адам құқығы жөнінде үлкен сұрақтар туындап жатыр. Өйткені біз қазір әділ қоғам, әділ мемлекет жайлы айтқандықтан, бұл жерде адам құқықтары мен бостандығы бірінші орында тұрады. Ал xалықаралық құқықта да, біздің Конституцияда да адам құқықтары мен бостандығы ең маңызды рөл ойнайды. Сондықтан адамның құқығы немесе бостандығы бұзылған кезде, айыпты тарап қатаң жауапқа тартылуы керек. Сол себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та біраз мәселе көтерді. Қазір бізде әрбір жерде ювеналдық сот ашылды. Отбасындағы қиыншылықтар, мысалы, ажырасқан кезде, мүлік бөліскен кезде балалар құқығы қалай қорғалады, оларға қалай әсер етеді дегендей көп сұрақ осы ювеналдық сот арқылы шешіледі. Осы қыркүйектен бастап ювеналдық соттың жанында адамдарға құқықтық көмек көрсететін псиxолог, медиатор, социологтер қызмет көрсететін болады. Полиция органдарында, Ішкі істер министрлігіне қарасты органдарда да қарапайым азаматтарға бет бұрып келе жатқан өзгерістер қазір өте көп. Жаңа Әлеуметтік кодексті де осындай жұмыстың бір үлгісі деп айтуға болады. Былтыр үлкен жұмыс атқарылып, ең басты заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын. Онда да құқық қорғау мәселелері қозғалып, ең бастысы, Конституциялық сот тағайындалды. Осылайша Конституциялық сотқа өтініш жазу арқылы Қазақстан Республикасының азаматтары, жеке тұлғалар өз құқықтарын қорғай алады. Бүгінде қай салада да (мысалы, кәсіпкерлік, бизнес дейміз) көп құқықбұзушылық бар, ондағы мемлекеттік сату қызметіне, сот атқару жүйесіне де біраз өзгеріс жасалып жатыр. Мұның әрқайсысына жекелей ұзақ тоқталуға болады. Қысқа қайырсақ, бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдарының тұлғаларына да құқық бұзуды болдырмау үшін қатаң жаза қолданылуда, сондай үлкен реформалар жүріп жатқанын білуге тиіспіз.
– Айжан Қазимирқызы, сіздің гендерлік саясатта атқарып жатқан қызметіңізбен, бүгінгі таңдағы кәсіпкерлік жолдағы ісіңізбен жіті таныспыз. Қай саладағы жұмысыңыз сізге шынайы шабыт сыйлайды?
– Шыны керек, кәсіпкерлік күнделікті сұраныстарымды, отбасымның сұраныстарын, өзіме лайықты өмір сүруге керек қаражат табу үшін ашылған жұмыс болған-ды. Көбіне адамдар өзінің ойларына, көзқарастарына жақын саланы іздейді ғой. Кәсіпкерлікте әйел адамдарға келетін де, келмейтін де істер бар. Мен өз ісімді шынайы шабытпен таңдадым деп айта алмаймын. Дегенмен, қалай болса да, бұл жұмыс адамдармен байланысты. Сондықтан бұл жерде өте көп қарым-қатынас бар, жауапкершілік бар. Мен жұмыс беруші басшымын, ал мұндай жағдайда шабытсыз жұмыс жүреді деп айта алмаймын. Қалай болғанда да, ұжымда өзара энергия бөлісіп, ортақ бір мүдде үшін тырмысып жатқаннан кейін, кәсіпкерлік жұмыстың да өз ерекшелігі бар. Ал гендерлік саясатқа кәсіпкерліктен кейін келдім. Бұл жолға, біріншіден, қайырымдылық жол арқылы келдім. Маған адамдарға көмектескен ұнайды, сол себепті көмек сұраған адамдарға көмек бере бастадым. Одан кейін оларға кәсіби түрде көмектесетін орталықтар іздей бастадым. Бұл қоғамдық жұмысқа осылай қайырымдылық жолы арқылы келген едім. Үш жыл бұрын гендерлік саясатта Қарағанды облысы Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары болдым. Кейін төрайымы болып, қазір осы салада жұмыс істеймін. Бұл жерде әйелдердің қоғамдағы теңдігі жөнінде көп жұмыс атқарылады. Гендерлік саясатқа сол кезде нақты кіріскендей болдым. Қазір ол – менің бағыттарымның бірі. Бұл жұмыс та маған үлкен шабыт береді. Өйткені осы салада кеңес іздеп жүрген адамдарды көргенде, әсіресе ауылдағы жас келіншектерді көргенде немесе жаңа ғана кәсіптерін ашып жатқан қыздарға қарағанда өзіңнің керектігіңді, тәжірибең мен біліміңнің қажет екенін сезінесің. Бұл, әрине, ерекше шабыт сыйлайды. Қазір гендерлік саясат жүйесінде де, кәсіпкерлікте де бірдей жұмыс істеймін. Екі жақта да адамдар бар, адамдардың барлығын өте жақсы көремін. Жүрегім ашық, қолым ашық болғандықтан, екі жақтан да бірдей шабыт аламын.
– Жетістікке жетудің жолын алдымен неден бастау керек? Қыз-келіншектерге айтар ақылыңыз?
– Жетістік деген – менің ойымша, философиялық терең мағыналы нәрсе. Жетістік бар немесе жетістік жоқ деп адам нақты айта алмайды. Себебі өмірдің әр кезеңінде біз бір нәрсеге қанағаттанамыз, бір нәрсеге қанағаттанбаймыз. Жетістік деп қаржылық тұрақтылықты айтатын болсақ, ол жерде қай жетістік болсын – рухани жетістік бола ма, қаржылық жетістік бола ма – оған үлкен еңбекқорлық керек. Меніңше, біріншіден, еңбекқорлық, екіншіден, әділдік болуы тиіс. Ең бастысы – адамгершілік. Қалай біз бірінші орынға табысты қойып, адамгершілікті ұмытсақ, ол табыстың қайыры да, соңы да дұрыс болмайды деп ойлаймын. Сондықтан, ең бастысы, адам еңбекқор және өз мақсаттарына берік болуы керек. Кәсіпте «мен мынаны кейін шешемін, кейін ойлаймын» деген болмайды. Қалай болған жағдайда да, мейлі ол кішкене немесе үлкен іс болсын, соны түбіне дейін жеткізіп, өз мақсатыңа жетіп, адамдармен бірелесе істеген жұмыс болуы керек. Жұмыс істеген соң нәтижеге апаратын бағыттарды іздеген дұрыс деп ойлаймын. Екіншіден, «бәрін өзім білемін» деп ешқашан айтпағанмын. Өйткені «бәрін білемін, бәрін түсінемін, менен биік, ойшыл адам жоқ» деген адам күндердің күнінде бір қателік жасап қояды. Сондықтан адам қандай қызмет істесе де, тоқтамай жаңа бағыттарды үйреніп, көп кітап оқып, көп адаммен араласқаны жөн. Қолы мол болып, энергиясын, қолынан келгенше қаражатын, білімін бөліскен адамның кірісі де мол болады. Қаражат, білім, жақсы қарым-қатынас жайлы білгеніміздің бәрін, «шығыссыз кіріс жоқ» демекші, бөліскеніміз жөн деп ойлаймын. Үшіншіден, бір жолдан таймай білімімізді асырып, тоқтамай еңбектеніп жетістікке жетуге болады. Еңбекқорлық, білімді нығайту, адамгершілік, адалдық қажет, меніңше. Қыз-келіншектерге берер ақылым – жетістікке жету жолындағы қаражатты жинап алмаймыз, яғни қаражатпен бірге басқа сұрақтар, басқа қиындықтар туа бастайды. Адам деген өзін-өзі іздейді, осындайда әркім өзіне «мен бұл дүниеге неге келдім, бұл өмірге менен қандай пайда тиеді?» деген сұрақтар қоюы керек. Адамзатқа пайдалы болмасаң да, өзіңнің кішкентай отбасыңа жақсылық жасауың, дұрыс үлгі болуың керек. Оларды дұрыс өсіргеннің өзі – үлкен еңбек. Кейбір кезде біздің жас қыздар осы жолға келгенде биік мақсат қояды. Дегенмен биік мақсатқа жету үшін қарапайым еңбек, қарапайым қарым-қатынас, қарапайым сатыдан шығуымыз тиіс. Алайда шыққан жерімізді, алған тәрбиемізді ұмытпауымыз керек. Қыз-келіншек болсын, басқа адам болсын осыны білгені дұрыс. Төртіншіден, менің ойымша, әйел затының қайсар мінезінің арқасында қолынан бәрі келіп тұрғанмен, өзінің нәзік жаратылыс екенін, өмірлік мақсаты ана, сүйікті жар болу екенін, жолдасы мен ата-анасының алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы керек. Себебі әйел адам – отбасының, әлемнің, мәдениеттің ұйытқысы. Сондықтан алдымызға үлкен амбициялық мақсат қойғанмен, табиғатымыздың әйел екенін ұмытпаған жөн.
– Сіз халыққа жақын адамсыз, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесісіз, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрағасысыз, тағы басқа да көптеген комиссияда боласыз. Бір қарағанда, әйел адамның иығы көтере бермейтін салмақ. Сізге комиссия мүшесі ретінде халықтың да айтар мұңы, тілегі, ұсынысы көп шығар. Көбіне елді не мазалайды? Қандай мәселелерді көтересіз?
– Қарағанды облысы бойынша әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия төрағасының орынбасары ретінде күрделі сұрақтармен жиі кездесіп отырамыз. Елді мазалайтын ең бастысы – әлеуметтік жағдай. Әлеуметтік жағдай қиындаған кезде, адамның өсем, өнем, білім алам деген мақсаттары екінші орынға кетеді. Өйткені адам, қарапайым тілмен айтқанда, өзінің тамағын жеу керек, баласын асырау керек. Ол мәселелер шешілмей тұрған кезде, басқа бір сұрақтарды қозғау өте қиын. Сондықтан елді не мазалайтыны жайлы сұрақтың басты жауабы ретінде әлеуметтік жағдайдың төмендігін айтуым қажет. Көбіне әйелдермен жұмыс жасағандар біледі, мұнда отбасындағы әр түрлі жағдай жайы сөз болады. Сол жерде әйелдер, олардың кішкентай балалары зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатады. Мұндай кезде оларды қалай қорғаймыз? Менталитетімізге орай әйелдерді бәрін жасыруға, үнемі төзімді болуға шақырсаң, олардың құқықтары бұзылады. «Осы балансты қалай сақтау керек, әйелдерге қалай көмек көрсетуіміз керек?» деген сияқты үлкен сұрақтар туындайды. Бұл да – біздің қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі.
Әйелдердің қаржылық және құқықтық сауатсыздығы. Мұны қалай нығайтуға болады? Өйткені көбінесе бізде отбасылардың бәрінің несиелік жағдайы аса өзекті, әрбір отбасының ипотекасы, тұрмыстық несиесі көп. Мұның барлығы жаңағы қаржылық, отбасылық саясаттың төмен деңгейін көрсетеді. Бар тапқан табысын несиеге төлеген соң, күнделікті өмірге қаражат қалмайды. Содан бір несиені жабу үшін тағы несие алады. Қаржылық сауатсыздықтың бір белгісі – осы. Мен, әрине, түсінемін, бәрі әлеуметтік жағдайдың нашарлығына келіп тіреледі. Сол себепті біз арасында әйелдерге қаржылық сауаттылық жөнінде кеңес береміз. Кәсіп ашқан кезде қандай заңнамаларды білу керек, қандай ұстанымдар бар, қандай ережелері бар, бизнесті қалай жүргізу керек? Осындай сұрақтар да өте көп туындайды, осы сұрақтардың бәрін комиссия отырыстарында талқылаймыз.
Жастарға келер болсақ, жас кәсіпкерлердің әсіресе ковид кезінде табыстары мол, деңгейлері зор кәсіпкер әйелдерге көмек көрсеткеніне тәнті болдық. Олар қазіргі заманауи әлеуметтік желілерде, интернетте мықтылау болады, электронды сатылым жағынан да мықты, сондықтан қазіргі кезде «кім кімге ақыл-кеңес береді?» дегеннің өзі – қызық сұрақ. Алайда жастар да қателік жіберіп жатады. Қазіргі кезде жастар жеңіл табыс іздейді. Менің ойымша, бұл – бір жағынан, дұрыс нәрсе, себебі заман сұранысына келіп тұр. Екінші жағынан, қазір мемлекетімізде сарапшылар, жауапты қызмет адамдары жетіспейді. Қазірде қыздар «мен бьюти-индустрияға барам, кірпік жапсырам, маникюр жасаймын, демек, маған білім керек емес» деген оймен сондай жолдарды таңдайды. Алайда бізде тіл мамандары, медицинада педиатрлар жетіспей жатады. Ер балалар «ІТ саласына барамын» деп жатады. ІТ индустриясы да әрбір адамның қолынан келе бермейді. Сонымен қатар SMM, мобилограф деген жаңа мамандықтар пайда болды. Мен оның бәріне қарсы емеспін. Бірақ ол креативті индустрия мамандары болғандықтан, оған әрбірінің шабыты да, өнерге деген талабы да жеткілікті деп ойламаймын. Сол себепті, менің ойымша, қазіргі жастардың бір қателігі – еңбектен қашады. Өйткені қазір бізде өндіріс, су салаларында туындап жатқан біраз проблема бар. Сол мамандықтарды игеруіміз керек. Бұл – болашақта сұранысы бар мамандық, өйткені 12-15 жылдан кейін біздер сол тапшылықтың қиындығын көреміз деп қорқамын. Сондықтан экономист, турист, мобилограф, шаштараз деген сияқты мамандықтарға жүгірмей, болашағы бар маңызды мамандықтарды игеріп, сол салада табыс табуға болады. Сол себепті осы бағыттарға қазірден назар аударған жөн. Жастарға берер ақылым – осы.
– Сізді көптеген шарада, әсіресе адамдарға қол ұшын созу істерінде көп байқаймыз. Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?
– Әңгімеміздің басында айта кеткен болатынмын, қоғамдық жұмысқа мен қайырымдылық арқылы келдім. Енді қайырымдылыққа деген көзқарасым осы үш жылда кішкене өзгерген де сияқты. Алғашқы жылдардағыдай менің қазір де қолым ашық, көмектесуге дайын тұрамын. Бірақ мені мына мәселе мазалайды: бір адамға үнемі көмектесумен оның жеке талпынысын жойып аламыз ба деген қорқыныш бар. Бұл – маған тәжірибемен келген жаңа білім. Басында «мына кісіге көмек берем, мына жанұяның қажетін қанағаттандырайын, ертең олар бақытты болып кетеді» деп ойлайтынмын. Алайда уақыт өте қарасам, олар әлі сол күйі қалған. Олар әрі қарай тағы бір адамнан жәрдем күтіп отырады екен. Олардың материалдық, әлеуметтік жүйесі өзгермейді. Осындай ата-ананың, әсіресе жалғызбасты аналардың іс-әрекетін көрген балалар да сол жолды дұрыс деп ойлайды. Бұл орайда мен қайырымдылықты үзілді-кесілді тоқтату керек демеймін, ол – біздегі мейірімділіктің белгісі, адамдар бір-біріне мейірімді болу керек. Алайда тәжірибемнен түйген ойым – адамдарға дайын дүние бергенше, сол затты өзі даярлайтын қабілет тудырып, ақша табуға мүмкіндік бергеніміз дұрысырақ. Біраз комиссияда отырдым, сонда байқағаным – адамдар «мына кісіге грант бердіңдер, маған бермедіңдер» деп наразылық білдіріп жатады. Демек, адамдар көбінесе мемлекеттен, спонсорлардан, жеке адамдардан берілетін жәрдемге дайын отырады. Берсең – жақсысың, бермесең – сенен жаман адам жоқ. Сондықтан мұқтаж жандарды бір кәсіпке, табыс табуға үйретуіміз керек деген шешімге келдім. Әрине, әр түрлі жағдай болады, қайырымдылықты керек емес деп айта алмаймын. Жыл сайын өтіп жатқан қайырымдылық акцияларына үнемі қатысып отырамын. Еліміздің басына қиын жағдай туса, көмектесуге дайын тұрам. Дегенмен осы көмекке үйреніп алған адамдарды кішкене болса да еңбекке, қаржы сауатсыздығын жойып, табыс табуға үйреткеніміз жөн болады.
– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?
– Үш балам бар. Үшеуі де – қыз бала, біреуі кәмелет жасқа жетіп, оқу бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Екінші балам Назарбаев интеллектуалды мектебінің 10-сыныбында оқиды. Үшінші қызым балабақшада. Жолдасым – кәсіпкер, мен қазақтың қарапайым келінімін. Ата-енеммен бірге тұрып, отбасылық құндылықтарды насиxаттап, бірге демалып, қиыншылықтарды бірге өткеріп жатқан қарапайым отбасымыз.
– Өмірде кімді үлгі тұтасыз, өмірлік ұстанымыңыз?
– Мен бұл өмірде өмірдің құндылығын, адамгершіліктің құндылығын, адамдардың дұрыс қарым-қатынасының құндылығын, ақ пен қараның айырмашылығын түсінетін адаммын деп ойлаймын. Ол үшін менің өмірлік тәжірибем де мол. Өмірімде жақсы да, жаман да болды. Сондықтан ең бастысы, менің ойымша, қазіргі қоғамда адам шынымен де адал, адамгершілігі мол, еңбекқор болуы керек. Қанша пафосты болғанымен, өз Отанын, жерін, тілін, мәдениетін, ұлтын, дәстүрін бағалауы керек. Менің ойымша, өмірде адам баласы басқа адамға жаманшылық ойламай, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, іскерлікті дамыту жолында еңбек ету керек деген ұстанымым бар. Балаларыма қымбат киім немесе гаджет бермеймін. Оларға «сендердің басты құндылықтарың – адамгершіліктерің, білімдерің» деп айтамын. Егер білімдеріңіз зор болса, ертең табыссыз қалмайсыздар. Адамгершілікті жоғалтпай тік жүріп, басқа адамның бостандығына тиіспей, адамдар арасында наразылық тудырмай өтетін болсаңыздар, сол – ең бастысы.
– Сұхбатыңызға рақмет!
P.S. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Ендеше бір өзі бірнеше жұмысты қатар алып жүрген Айжан Қазимирқызының еңбегі бір мақаламан бітпейді. Бірнеше ғылыми жұмыстың авторы, қазіргі таңда жасына қарамастан білім өрісін кеңейтіп магистратурада оқып жатыр. Үлгі боларлық жайт. Алдағы уақытта кейіпкерімізге сәттілік, толайым табыстарға жете берсін деп тілейміз.