Жерлестеріміз жеңімпаз атанды

Қарағандылық «Жастар – 1» олимпиадалық резерв мектебінің командасы футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарды. 2009 жылғы ер балалар арасында өткен доп додасы Қарағанды қаласындағы «Аманат Арена» спорт кешенінде өтті.

Чемпионатқа еліміздің барлық облысынан 16 команда қатысты. Екі жүзден астам футболшы төрт күн бойы үздік команда атағына таласты. Нәтижесінде футболдан «Жастар – 1» облыстық олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері бірінші орын иеленді. Спортшыларды Олег Миляев жаттықтырады.

– Жарыстар ең жоғары деңгейде өтті. Барлық команда жақсы дайындалған. Біз футболшыларымызды мақтан тұтамыз. Балалар – халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Футболдан Республикалық біріншіліктің жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері атанды, облыс чемпиондары, – дейді футболдан «Жастар» ООРМБЖСМ басшысы Балғабай Нұрланов.

Чемпионатта екінші орынды Павлодардан «Бірлік» командасы, үшінші орынды «Астана» ФК иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Джуниор» балалар футбол лигасының және Қазақстан футбол федерациясының грамоталарымен, медальдарымен, кубоктарымен марапатталды.

Бүгінгі таңда облыстық «Жастар» мектебінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі 1 150 бала бар. Сабақтар тегін. Мектепте жоғары білікті 27 жаттықтырушы жұмыс істейді. Облыстың барлық қаласы мен аудандарында филиалдары бар.