Жерлестердің жеңісі

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Құрлықтық додада Қазақстан ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ел құрамасы ерлер және әйелдер бәсекесінде жалпы саны алты алтын, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Аталған табысқа қарағандылық былғары қолғап шеберлері Сабыржан Аққалықов пен Дина Исламбекова қомақты үлес қосып, ел қоржынына екі алтын жүлде салды.

75 келі салмақта сынға түскен Сабыржан Аққалықов турнир барысында шеберлігі мен мықты дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионы атанған, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген жерлесіміз бұл жолы да қарсыластарына дес бермеді. Финалда Өзбекстан өкілі Жавохир Абдурахимовпен қолғап түйістіріп, жекпе-жек басталған сәттен-ақ Сабыржанның рингтегі сенімділігі мен техникалық артықшылығы айқын байқалды. Ол үш раунд бойы басымдық танытып, қарсыласын 5:0 есебімен айқын жеңді.

Финалға дейін қарағандылық боксшы Жапония және Моңғолия спортшыларымен кездескен. Әсіресе алғашқы белдесу тартысты өткен. Ал жартылай финалда алаң иесінің үмітін үзіп, шешуші кезеңге жолдама алды.

– Әр турнирдің алғашқы күні маған қиынға соғады. Бұл жолы да алғашқы жекпе-жекте аздап қиналдым. Жергілікті ауа райы мен ортаға бейімделу үшін біраз уақыт қажет болды. Алайда, екінші кездесуімнен бастап өз бабымды таба бастадым. Нәтижесінде финалға дейін жеттім. Ал шешуші белдесу айтарлықтай қиын болған жоқ. Жаттықтырушыларым нақты тапсырма берді. Мен сол жоспарды бұлжытпай орындадым. Соның арқасында қарсыласымды жеңіп, жеңіске қол жеткіздім, – деді чемпион.

Әйелдер арасында аса ауыр салмақта (+80 келі) сынға түскен Дина Исламбекова да тамаша өнер көрсетіп, чемпион атанды. Жастар арасындағы әлем чемпионаты мен ел біріншіліктерінде жүлде алып жүрген тәжірибелі спортшы бұл жолы да жоғары деңгейін көрсетті.

Жарыстың алғашқы кезеңінде ол өзбекстандық Олтиной Сотимбоевамен кездесті. Бұған дейін жолы түйіскен қарсыласын бұл жолы сенімді түрде жеңіп, финалға шықты. Ал алтын медаль үшін өткен шешуші айқаста Үндістан спортшысы Алфия Пазанға қарсы шаршы алаңға көтерілді. Финалдық кездесуде қарағандылық боксшы алғашқы раундтан-ақ басымдықты қолға алып, дәл әрі жойқын соққыларымен қарсыласын нокдаунға жіберіп, жекпе-жектің тізгінін толық өз қолына алды. Кейінгі раундтарда да тактикалық сауаттылығы мен шеберлігінің арқасында үстемдігін сақтап, төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Дина Исламбекова ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын медальді сыйлады.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы алты алтын, екі күміс және бес қола медальмен бірінші орынға тұрақтады. Екінші сатыға бес алтын, үш күміс және сегіз қола жүлдемен Үндістан құрамасы жайғасса, үшінші орынды үш алтын, төрт күміс және төрт қола медальмен Өзбекстан иеленді.

Ұланбатыр төріндегі бұл жеңіс Қазақстан боксының Азиядағы беделін тағы бір мәрте айқындап, Қарағанды спортшыларының халықаралық аренадағы әлеуетін дәлелдеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»