Жерлесіміз – жүлдегер

Парадзюдодан Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз Даяна Федосова қола жүлдегер атанды. Спортшы 57 келі салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алды. Дүбірлі додаға 41 елден 270 балуан қатысқан. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 18 спортшы қорғады.

– Ол әлемдік рейтингте екінші орында. Күн сайын бес сағат жаттығып, қарқынды дайындалды. Бірақ, өкінішке орай, ол испандықты жеңе алмады. Алда Токиодағы беделді Grand Slam рейтингтік турнирі күтіп тұр. Парадзюдо бойынша әлемдік рейтингте үздік үштікте қалу үшін бар күшімізді саламыз. Біздің алдымызда басты мақсат – 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындары, – дейді спортшының тәлімгері, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Дмитриенко.

Айта кету керек, Қазақстанның ұлттық құрамасының қоржынында екі алтын және екі қола медаль бар. Жарыстың алғашқы күнінде Олжас Оразалыұлы мен Даяна Федосова қола, ал алтын медальды Ерғали Шамей мен Ақмарал Науатбек жеңіп алды.

Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша