ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

«Қарағанды қаласының жер қатынастар бөлімі» ММ басшысы — Шакенов Даурен Алтынбекович «Qaragandy habary» газеті тілшілерінің сұрақтарына жауап берді. Сұхбат барысында атқарылған жұмыстар мен қала тұрғындарын мазалайтын өзекті мәселелер көтерілді.

— Даурен Алтынбекұлы, Қарағанды облысы жер көлемі бойынша Қазақстан Республикасындағы ең ірі облыс екені барлығымызға аян. Соған сәйкес, «Жер қатынастар бөлімі» тарапынан атқарылатын қызмет те көп. Жалпы қала бойынша жер бөлінісі мен құқықтық мәселелердің және тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сипаты мен деңгейі қандай?

— Қаланың перспективалық дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10.12.2007 жылғы №1205 қаулысымен бекітілген Қарағанды қаласының Бас жоспарымен байланыса отырып, негізделеді.

Қарағандының жалпы жер көлемі 49 780 га құрайды. Оның ішінде елді мекен жерлері — 43 227 га, ал жалпы пайдаланымдағы жерлер – 22 241 га, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлер – 6 480 га, көлік, байланыс, инженерлік коммуникация жерлері – 4 796 га, техникалық пайдалану сатысындағы бүлінген жерлер – 1 657 га, ерекше қорғалатын аумақ – 69 га, орман қорының жерлері – 4 617 га, су қорының жерлері – 1996 га, қала аумағынан тыс жерлерде қолданылатын — 60 га жер бар.

2020 жылы Қарағанды қаласы әкімдігі тарапынан жер учаскелеріне құқық беру туралы 1218 қаулы, жер учаскелеріне құқық беруден бас тарту туралы 693 қаулы қабылданды.

Ал 2021 жылдың 6 айында Қарағанды қаласы әкімдігінің жер учаскелеріне құқық беру туралы 684 қаулы, жер учаскелеріне құқық беруден бас тарту туралы 564 қаулы қабылданды. 2

020 жылдың 12 айында жер қатынастары саласында жалпы саны 10596 болатын мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде: 8497-сі — жеке тұлғаларға, 2099-ы — заңды тұлғаларға.

2021 жылдың 6 айында жер қатынастары саласында 2469 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жеке тұлғаларға көрсетілген қызмет саны 1899 болса, заңды тұлғалар саны — 570

 — Халық үй салу немесе кәсіптік мақсатта құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер алу мәселесі өте күрделі екенін алға тартады. Бұл нормативтік құжаттар мен Заң аясында да біраз уақыт пен күшті талап ететін оңай жұмыс емес екендігін білеміз. Жер қолданысқа берілуі үшін қандай талаптарға сай болуы тиіс?

— Қарағанды қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру туралы өтініш берген азаматтардың арнайы есебінде қазіргі күні 12 327 өтініші тұр.

Нормативтік құжаттарға сәйкес — құрылыс салуға бөлінген алаптар тұрғынүйлер құрылысы басталғанға дейін жылумен, сумен, газбен және электрмен жабдықталып, телефон желілері және инженерлік құрылыстарды қамтитын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс.

Инженерлік коммуникациялар мен желілердің болмауына байланысты, 2010 жылдан бастап қала әкімдігі жеке тұрғынүй құрылысы үшін жер учаскелерін бермейді.

Бүгінгі таңда «Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі Күнгей шағын ауданының бірқатар аумағында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтады. Енді электрмен жабдықтау жобасы әзірленуде. Алайда, алаңдарда көлік-жол желісі жоқ. Сонымен қатар, жер учаскелері инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етілмеген, сондықтан жер телімдері әлі берілмейді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48 бабына сәйкес мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта, яғни конкурс пен аукциондарда жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, бөлім 27 жер учаскесінің тізімін бекітуге және аукционнан өткізуге дайындап жатыр.

 — Қазақ жері ұшқан құстың қанаты талатындай кең. Алайда, осы ұлан-байтақ жерге сыймай, алақандай жер үшін дауласып жататындар да аз емес. Жалпы, қала бойынша Заң негізінде қаралып, сот ісіне дейін жеткен қанша мәселе бар? Олардың түйіні мен шешімі қандай?

— Құқықтық жұмыс секторының мамандары Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын және Қарағанды облысы облыстық сотының апелляциялық сот алқасын қоса алғанда, азаматтық істерді қарайтын Қарағанды қаласының барлық соттарында жұмыс істейді.

2020 жылы құқықтық жұмыс секторының мамандары 97 азаматтық іс бойынша талапкер, жауапкер, үшінші тұлға және маман ретінде қатысты.

Қарағанды қаласы әкімдігінің 15 қаулысы сотта қаралды. Оның ішінде 13 шешім жергілікті атқарушы органның пайдасына шығарылып, апелляциялық алқада күшінде қалды. 1 шешім бірінші сатыдағы сотта заңсыз деп танылды және облыстық соттың апелляциялық алқасында шешім өзгеріссіз қалды.

Құрылысқа өз меншік құқығын тану үшін сотқа 17 талап арыз берілді, оның 4-ін сот қанағаттандырды. Ал ағымдағы жылдың 6 айында 83 сот актісі — апелляциялық сот алқасының шешімі, ұйғарымы, қаулысы қабылданды.

2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік органның атына, атап айтқанда Қарағанды қаласының әкіміне, әкімдікке және «Қарағанды қаласының жер қатынастар бөлімі» ММ шешіміне, мемлекеттік органның әрекетіне және әрекетсіздігіне шағымдану туралы 42 талап арыз берілді. Оның ішінде 17 өтініш сот ұйғарымымен қараусыз қалдырылды.

Осы уақытқа дейін соттың 25 шешімі шықты. Оның 19-ы өтініш берушілерге жергілікті атқарушы органның пайдасына шешіліп, талап арыздарды қанағаттандырудан бас тартылды. Ал 6 іс өтініш берушілердің пайдасына қанағаттандырылды.

2020 жылы «Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нен «Қарағанды облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-не 69 жер анықталып, қарауға жолданды.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қарағанды облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-не тұлғалармен заңсыз иеленіп алынған 22 жер анықталып, жолданды. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.

— Даурен Алтынбекұлы, «Қарағанды қаласы жер қатынастар бөлімінің» негізгі мақсаты – жердің дұрыс бөлінуі мен пайдалануын, заң бұзушылықтардың болмауын қадағалау. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып, нәтижелер шықты?

— Қала әкімдігінің 26.02.2019 жылғы № 10/18 қаулысымен бөлім ережесіне жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау функциясы енгізілді. Оның ішіне бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға бөлінген учаскелер бойынша мемлекеттік инспектордың құрылымы қосылды.

Қазіргі уақытта бөлім ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушыларға қатысты 28 жер телімін тексеру бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде:

— 3 учаске мақсаты бойынша пайдаланылмайды, сол себепті 1 жыл ішінде бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, ұсынылды. Нұсқама пайдаланылмаған жағдайда материалдар мәжбүрлеп алып қою үшін сотқа жіберілетін болады;

— 25 жер учаскесінде жер пайдалану құқығын бұзу орнатылмады;

— 3 учаске бойынша тексеру жүргізу мүмкін емес, себебі меншік иелері қайтыс болған.

Сондай-ақ, 14 учаске бойынша жер учаскелерін иесіз мүлік ретінде қою үшін Қарағанды облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ филиалының Жер кадастры және жылжымайтын мүлік жөніндегі бөліміне хат жолданды.

— Сұхбат бергеніңізге рақмет.

Аружан АЛПЫСБАЙ