ЖЕКЕ КӨЛІК ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

Қарағанды қаласында 20827 жеңіл автокөлік тіркелген. Бұл қаламыздағы жалпы көлік санының 0,064%-ын ғана құрайды. Жарты миллионнан астам тұрғыны бар шаһардағы әр 100 адамға 3 автомобильден келеді-міс. Жеке көлігіңнің болғаны жақсы, әрине. Бірақ өзіндік зияны мен шығыны да аз емес.

— Қаладағы көліктердің басым бөлігі ескі, — дейді «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Асыл Төлеубаев. — Автокөліктердің 65%-ы он, тіпті одан да көп жыл бұрын шығарылған. Көлік неғұрлым ескі болса, соғұрлым көп шығынды қажет етеді. Бір ғана бензинге күніне елу шақырым жол жүрсе, кем дегенде мың теңге кетеді. Жылына екі рет май ауыстыру, шиномонтаж, салық, айыппұл, сақтандыру, басқа да шығындарды есептегенде жылына 200-300 мың теңге шығын болады. Ал, қоғамдық көлікпен екі есе аз ақша жұмсауға болады.
Автомобиль материалдық тұрғыдан шығынға ұшыратып қана қоймайды. Дәрігерлер жаяу жүрісіңіздің азайып, артық салмақ жиналатындығын еске салады.
— Мойын, арқа, бел және буынның ауырсынуына шағымданатындардың дені – көлік жүргізушілері. Көбінде аяқ-қолдарының жансызданып, кеуде тұсының ауыруы да кездеседі. Бұл ұзақ уақыт рөлде отырғандықтан. Оған қоса, көлік тізгініндегі пациенттердің жүйке жүйесі де сыр беріп, бірқатар психикалық аурулар анықталып жатады, — дейді мануалды терапевт Сергей Никифоров.

Ақ халаттылар көліктен шыққан түтін өкпе қабынуына әкеліп, рак ауруына шалдықтыруы мүмкіндігін қоса айтады.

Экологтардың айтуынша, атмосфераны ластайтын факторлардың 60%-ын автокөліктерден шығатын көмірқышқыл газы мен азот оксидтері құрайды. Сарапшылар бір жеңіл көлік жыл сайын сегіз жүз килограмм көміртегі, қырық килограмм азот оксиді және екі жүз килограммға жуық зиянды көмірсутектер шығаратындығын анықтаған.
Темір тұлпардың тәлкегі осымен бітпек емес. Жол сапасының нашарлығы, жүргізуші куәлігінің саудалануы, көліктің техникалық талаптарға сай келмеуі жол-көлік апатын жиілетеді. Осы уақытқа дейін көлік апатынан опат болғандардың 65-70%-ы тепсе темір үзетін ер азаматтар, ел болашағынан үміт күттірген қыршын жастар, олардың дені шаңырақ көтеріп үлгермей арманда кеткенін ескерсек, бұл жантүршігерлік жайт екені айтпасақ та түсінікті.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ