Жеңіс Қасымбек Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен кездесті

26 сәуір күні өңір басшысы Жеңіс Қасымбек облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер басшыларымен, бизнесмендермен, ғалымдармен, қоғам және шығармашылық кәсіп өкілдерімен кездесті. Қарағанды Достық үйінің атриумында өткен «Жаңа Қазақстан — мызғымас бірлік мекені» атты кездесуде қатысушылар сұрақтары талқыланып, ҚХА-ның маңыздылығы туралы әңгіме өрбіді.

Кездесу басталғанға дейін Достық үйінің холында тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Онда жас дарындар, атап айтқанда, «Ала гүлдер» бейнелеу өнері студиясының оқушылары өз жұмыстарын ұсынды. Айталық, «Күз» және «Көзімнің қарасы» атты жұмыстардың авторлары Аружан Құрамыс пен Айбибі Саятқызы бейнелеу өнерін оқып қана қоймай, өмірін шығармашылықпен байланыстырғысы келеді.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі аса зор. Біз үлкен отбасымыз, кез келген отбасында талқылануы қажет мәселелер туындайды, бұл туралы айту маңызды, — деп жиналғандарға өз пікірін білдіруді ұсынды Жеңіс Қасымбек. — Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін біздің облыстағы этномәдени бірлестіктің кез келген басшысына жүгіне алатынымды атап өткім келеді. Ассамблея алаңы — бірегей және сұранысқа ие алаң. Елбасы бастамашы болғаннан кейін, ол байсалды жұмыс істейді және өз нәтижелерін береді. Қазір Қарағанды өңіріндегі жағдай, оның тұрақтылығы үшін ҚХА жұмысының да рөлі зор.

Қарағанды техникалық университеті Жастар саясаты департаментінің директоры Рустам Бузяков жақында Ассамблея мүшесі атанды, биыл республикалық сессияға бірінші рет аттанады. Рустамның айтуынша, бұл маңызды, жауапты және қызықты міндет болмақ. Жас жігіт еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосуға уәде берді.

«АТЦ-АЗИЯ» ЖШС директоры, Теміртау қалалық мәслихатының VI-VII шақырылымдарының депутаты, «Amanat» партиясының мүшесі Михаил Коновалов ҚХА-да 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді, сол жылдарды өзі ерекше санайды

— Мұның бірнеше себебі бар. Алдағы сессия пандемиядан кейін офлайн режимде өтеді. Қаңтар оқиғаларының қорытындысы бойынша, Қазақстан саяси өзгерістер кезеңіне енді, біз осы өзгерістердің қатысушысымыз, — деп атап өтті Михаил. — Бүгін мен бизнес саласын таныстырамын, техникалық кадрларды кәсіби даярлау мәселесі де әлі өзекті. Кадрлық ашықтық мәселесін шешуге бәріміз қатысамыз деп ойлаймын.

М.Жұмабаев атындағы гимназияның «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Гүлнар Омарова өскелең ұрпақтың шығармашылық тәрбиесіне тоқталды. 30 жылға жуық ол 400-ден астам бала айналысатын топты басқарады. «Балаларды хореографияға оқыту процесінде, ең алдымен, өнер мен мәдениетке, халықтар тарихына деген махаббат ұялайды. Балалар өз елін шетелде мақтанышпен таныстырады, ал жақында Түркиядан жүлделі оралды», — дейді ол.

— Ассамблея мүшелері өңірдің дамуына елеулі үлес қосуда, — деп және атап өтті Жеңіс Қасымбек. — Әлемдегі жағдай қазіргі өмірдегі ең жақсы жетістіктің бейбітшілік пен келісім екенін көрсетіп отыр және біз оны болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек.

Өңір басшысы кездесуде этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне алғысхаттар табыстады.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»