Жеңімпаздар шеруі

Қарағанды қаласы білім бөлімінің бастамасымен №1 Оқушылар сарайының залында Балалар жылына арналған республикалық оқушылар олимпиадасының қалалық кезеңінің 235 жеңімпазы мен жүлдегерін марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға шаһардың 50 білім ордасынан өз пәнінің білгірлері, ұстаздар мен ата-аналар, білім беру ұйымдарының басшылары жиналды.

Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Мұқатайұлы Әшім жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алар асулары алда екеніне тілектестік білдірді.

— Біз сіздермен мақтанамыз! Әрқайсысыңыз өзіңіздің ғана емес, мектеп намысын да абыроймен қорғай білдіңіздер. Ой-өрістеріңіздің кеңдігін, білімдеріңіздің тереңдігін, ойлау шеберліктеріңізді көрсетіп, үздік екендеріңізді тағы бір рет дәлелдедіңіздер, — деді қаланың бас мұғалімі.

Жиында Есентай Мұқатайұлы соңғы 4 жыл бойы түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен зияткерлік конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған оқушылардың ата-аналарына Қарағанды қаласы білім бөлімінің алғысхаттарын табыстады

Олимпиада қорытындысы бойынша, Шәкәрім атындағы гимназияның командасы биыл «Үздік олимпиадалық команда» атанды. Сонымен қатар №2 инновациялық мектеп-лицей, №97 гимназия, Қаныш Сәтбаев атындағы гимназия, №23, №32, №36 жалпы білім беретін мектептер, Б.Момышұлы, Ә.Бөкейхан атындағы мектеп командалары да алғысхаттармен марапатталды.

Шара соңында «Волшебная страна» үлгілі хореографиялық ансамблі, «Ритмы детства» спорттық бал биі үлгілі студиясы, №1 Оқушылар сарайының «Назқоңыр» және «Созвездие» вокалдық студиялары, сондай-ақ №1 Балалар музыка мектебінің вокалдық тобының өрендері өнер көрсетіп, мерекелік концертке ұласты.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»