ЖАУЫР БОЛҒАН ЖОЛ ЖЫРЫ

Жолдың жыры халықтың мұңына айналды. Пришахтинск елді мекенінде М.Әуезов көшесінің тұрғындарын ой-шұңқырлы жолдар әбігерге салуда. Жаңбыр жауса, саз-батпаққа айналатынын айтады ашынған ағайын.

Табандары тозып сарсаңға түскен әлеуметтің шағымын тыңдап қайтқан едік. Сабыржан Ахметовтің Мұхтар Әуезов көшесіндегі көңіл көншітпейтін тасжолдың кедір-бұдыр келбетіне өкпесі қара қазандай. Көлік жүргізушісі жыл сайын темір тұлпарын қомақты қаржыға жөндетіп, шығынға белшесінен батады екен. Жаңбыр жауса, үйге жете алмай жарты жолда қалатынын айтып налып отыр.

– Жол жоқ көшеде, жолдың түрі мынау, көріп тұрсыздар. Машинаның саймандарын жылына екі рет ауыстырамыз. 100 мыңнан кем емес, қаншама шығын осының кесірінен. Машина тұрмақ, жаяу да жүре алмайсың. Бала-шаға бар. Балабақшаға баратын бүлдіршіндер бар. Белшеден батпақ, су, – дейді Сабыржан Ахметов.

Тұрғындардың айтуынша, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің атымен аталатын көшедегі жолдың жөндеу көрмегеніне ширек ғасырдан асыпты. Былтыр күзде жолға тек қиыршық тас төселген. Алайда бұқараның қуанышы ұзаққа созылмады. Көктемде шұрық тесік қалпына қайта келгенін айтуда тұрғындар. Жергілікті жұрттың жауаптыларға айта-айта жағы талған. Тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Тіпті қалаға қатынап істейтін қалың халықтың резеңке етіктен мезі болғаны соншалық, полиэтилен пакет киюге мәжбүр. Ал жолмен абайлап жүрмесеңіз, жиегіндегі жақпар тастарға жығылып, табан астында тайып майып болуыңыз мүмкін. Көптің көкейін тескен мәселеге билік өкілдері көз жұма қарамаса игі екенін айтады қараша халық.

Мұхтар Әуезов көшесінің тұрғыны Кәбира Ниязбекова жол мәселесін жауаптыларға жыл сайын жаза-жаза меселі қайтыпты. Тіпті таяқ тастам жердегі дүкенге азық-түлікке бару – батыр ана үшін қиямет-қайым:

– Біз осыны айта-айта шаршадық. Қартайдық та осыдан. Тоздық осыны айта-айта, табалдырық та қалған жоқ. Ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Күзде бастады. Шашып-шашып тастады. Қашанғы батпақтың үстінде отырамыз? Аяғымызға боты мен целлофанды қашанғы киіп жүреміз? Осы мәселені біреу құлақ асып тыңдаса екен. Үміт күтеміз биліктен.

Күрделі проблеманың анық-қанығын білмек болып Қарағанды қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасарына қоңырау шалған едік. Алайда мәселенің нақты қашан шешілетінін тап басып айта алмады Жанболат Тоқмурзин.

– Жол жөндеу жұмыстарының қазіргі уақытта нақты айта алмаймын қашан басталатынын. Өйткені бүгінгі таңда ескі Тихоновкадағы 3 көшеде ауызсу құбыры жоқ. Ол жөнінде жоба жасалып жатыр. Әзірленгеннен кейін, жоба іске асырылғаннан кейін ғана бұл сұраққа келуге болады. Жолдың қай уақытта жасалатынын анықтап айта алмаймын, – деді ол.

Мұхтар Әуезов көшесінің тұрғындарын талай жылдан бері алаңдатқан тағы бір түйткіл бар. Көше бойындағы қобыраған қоқыстың қолаңса иісі жел тұрып, күн жылынғанда қолқаны қабатынын айтады Иван Григорьев. Онысы аздай, қоқыс жәшіктері де жеткіліксіз екен.

– Үй алдындағы тұрмыстық қатты қалдықтардан көз сүрінеді. Дер уақытында қоқыс шығарылмайды. Бірақ қоқыстың ақысын уақытылы төлеп отырмыз. Контейнер жетіспейді. Пластик бөтелке мен пакет, күл шашылып жатыр. Күн ысығанда күлімсі иістен тынысымыз тарылып, тіпті тұншығып қала жаздаймыз.

Үп еткен жел тұрса, Әуезов көшесінде жарық жалп етіп өшеді.

Қаланың іргесінде тұрса да, құдды бір ауылдағыдай күй кешіп жатқан жұрт әлі де биліктен бір үміт күтеді. Жауаптылар бейіл танытпаса, жоғары жаққа жүгінбекке тас түйін бекініп отыр олар.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ,«QH»