Сәкен театры 93-маусымын табысты аяқтады

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры 93-маусымын салтанатты түрде қорытындылады. Театр үшін бұл маусым көрермен қошеметі мен рухани олжасы мол, шоқтығы биік сәттерге толы болды.

Маусымының жабылуына орай театр алаңында көрермендерге арналған ерекше шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламада әр келген қонақ өзін театр әртісі ретінде сезініп, қойылым костюмдерін киіп көріп, кәсіби грим жасатып, реквизиттермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, естелік суретке түсу үшін кәсіби фотограф қызметі де қарастырылды.

93-ші маусымда Сәкен театрының шығармашылық ұжымы ұлттық театр өнерінің дамуына өзіндік өрнек, терең мазмұнмен үлес қосты. Маусым аясында қойылған әрбір спектакль көрермен көңілінен шығып, сахна мен зал арасындағы байланысты одан әрі нығайтты. Әсіресе, «018 автобус» пен «Жоғалған дос» сынды қойылымдар заманауи қоғамның терең мәселелерін қозғап, адам жанын толғандырған тақырыптарымен ерекшеленді.

Театр маусымының басты жетістіктерінің бірі – көрермен санының артуы. Бұл – ұжым еңбегіне берілген халықтық баға. Театр әрқашан өз көрерменіне адал болуға, рухани байлық сыйлауға ұмтылып келеді. Жыл бойғы репертуар – дәстүр мен жаңашылдықтың ұштасқан жарқын көрінісі болды.

93-маусымның табысты өтуі – актерлер мен режиссерлердің, техникалық қызметкерлердің, тұтастай ұжымның жанкешті еңбегінің нәтижесі. Театр ғасырына жақындай түскен сәтте, әр белес – тарихи із.

– Киелі сахнада тер төккен әр қойылым – көрермен жүрегіне жол тартқан өнердің тұнығы. Алда 94-маусымда «төрт көзіміз түгел» амандықта жолыққанша, патша көңіл көрерменімізге алғысымыз шексіз, – дейді театр басшысы Құрман Қалымов.

Театр маусымы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен салтанатты түрде жабылды. Қоюшы-режиссер Талғат Жанботаев сахналаған қойылымда адал махаббаттың символына айналған қос ғашықтың қасіретті тағдыры бейнеленді.

Енді театр ұжымы шығармашылық тыныс алып, келесі маусымға тың идеялармен дайындыққа кіріспек. Ал көрермендер үшін бұл – шілденің шуағында рухани күш жинап, сүйікті сахнамен қайта қауышар сәтке үмітпен қарау уақыты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»