Жауынгер рухына арналған аламан

Өңірімізде Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан бесінші республикалық ашық турнир өтті. Жарысқа Белорусь мемлекетінен және республикамыздың Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы мен Астана және Қарағанды қаласынан 250 ден астам спортшы қатысуда.

– Жарысқа Беларусь мемлекетінен спортшылар келіп жатыр. Ол жайдан жай емес. Себебі олар да 1978 жылдан бастап Волковыск қаласында Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан турнир ұйымдастырып жатыр. Өкінішке қарай оны 2000 жылы ғана біліп, сол кезден бастап тығыз жұмыс жасап келеміз, – деді Облыстық мамандандырылған жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Нұрлан Түсіпов.

Қыздар мен ұлдар арасында дәстүрлі түрде 50 метр, 300 метр, 600 метр және бір шақырым қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, ядро лақтыру және аралас эстафеталар ұйымдастырылды. Жарыс екі күнге созылып, мықтылар анықталды. Аталмыш жарыс алғаш рет 2019 жылдың 11 мамырында өтті. Шараға Қарағанды облысы мен Беларусь республикасынан 323 спортшы қатысты. Дода жеңімпаздарына Қазбек Нұржановтың туыстары атынан ақшалай сыйақы мен бағалы сыйлықтар қарастырылған.

– Жыл сайын әкемізді еске алып спорт шараларын өткізіп жатқанына көп-көп рақметімді айтамын. Дәл осы манеж де Қазыбек Нұржановтың атына берілген. Спортшыларда жылдан жылға өсу байқалады. Тіпті өз араларында рекорд қойып жатқандары да бар. Бұл жарыс өңіріміздің жастары үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Себебі басқа мемлекетпен де байланыста болып, тәжірибе алмасады, – дейді Қазыбек Нұржановтың ұрпағы Тілек Нұржанов.

Қазыбек Нұржанов 1919 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, туған жерінде мұғалім болып жұмыс атқарған. Белоруссияның Волковыск қаласын азат ету кезіндегі шайқаста қаза тапқан. Деречин ауылында бауырластар зиратында жерленген. Жергілікті спорт мектептерінде жыл сайын Қазақстан жауынгерінің құрметіне жеңіл атлетикадан турнир өткізеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»