Жатақхана мәселесі назарда

Бұрнағы күні Қарағанды қаласына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келіп, жергілікті студенттермен кездесті. Сапар аясында ведомство басшысы магистранттар мен оқытушыларға «Цифрлық трансформация жағдайындағы дағдылар мен құзыреттер» тақырыбында дәріс оқыды. Осыдан соң жатақхана жайымен танысып, жастарға қаншалықты жайлы жағдай жасалғанын тексерді.

Айта кету керек, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне тиесілі бірнеше жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған болатын. Бүгінде бұл оқу ордасында 7 жатақхана бар. Жалпы алғанда, 2 676 студент тұрғынжаймен қамтылған.

– Бізде «жатақхана жетпейді» деген мәселе жоқ. Студенттерге білім алуға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Егер бұрын бір жатақханада 2 душ болса, қазір 3 секцияға 1 душтан орнатылды. Төлемақы да қолжетімді. Ата-ана қамқорлығынан айырылған студенттер тегін тұрады, – дейді университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов.

Осыдан соң министр жатақхана аумағында орналасқан студенттер емханасының жұмысымен танысты. Емхананың аймақтағы бірегей жобалардың бірі екенін атап өткен жөн. Мекеме жекеменшік-әріптестік бағдарлама аясында ашылған. Мердігер компания ғимараттың жөндеу жұмыстарына және қажет құралдар сатып алу үшін 250 млн теңге көлемінде қаражат жұмсаған екен. Емханада 17 дәрігер, 34 орта және 7 кіші медицина қызметкері жұмыс істеуде. Мамандардың барлығы жоғары білім алып, тиісті сертификат иеленген.

– Министрлік қоғамдық лекцияларын бастады. Президент тапсырмаларына орай университеттерге басымдық беріледі. Осы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасынан тыс жыл сайын 500 ғылыми-зерттеуші қызметкерге арнайы тағылымдамалық грант беріледі. Әрі дүниежүзілік жоғары оқу орындарынан тәжірибеден, тағылымдамадан өтетін болады. Біз әр сай сайын елдегі университеттерді аралап, жұмыстарымен танысамыз. Мәселелерін қозғап, университет әлеуетін көтереміз. Сондай-ақ жетекші оқу орындарындағы оқытушылардың еңбекақысын көтеру үшін арнайы бағдарлама іске қосылады. Жас мамандарды жұмысқа алу үшін докторантураны тәмамдаған жас зерттеушілерге арнайы грант тағайындау жоспарда бар. Қарағанды университеті – орны бөлек қара шаңырақ. Кей өңірде жатақхана, ондағы орын жеткіліксіз болады. Ал Қарағанды университетінде ондай мәселе жоқ, – деді министр.

Бұдан бөлек Ғылым және жоғары білім министрі Jastar ortalygy мен «Аюлы» спорт кешенін аралап, ашық аспан астында салынған волейбол, баскетбол және футбол алаңы мен хоккей кортымен танысты. Осыдан соң студенттермен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»